Жыр алыбы атанған Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына орай ауданымызда ауқымды іс-шаралардың легі жыл басынан бері басталғаны белгілі. . Әрине, жыр жампозының асқақ рухын қалай ардақтасақ та артықтық етпейтіні түсінікті деп ойлаймыз. Бүгін аудандық Мәдениет үйінде Жамбыл ақынның 175 жылдығына арналған «Халық – менің шын атым» атты поэтикалық концерт өтті, деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымның тілшісі.
Әдеби шара елімізде енгізілген карантин тәртібіндегі барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып ұйымдастырылған. Айта кету керек, бұл күнгі жылы жүзді жүздесуге аудан әкімі Жандарбек Далабаев, ауданның Құрметті азаматы, қоғам қайраткері Болат Назарбаевтан бөлек, Жамбыл ауданынан ат терлетіп, арнайы келген құрметті қонақтар да қатысты.
Сахна шымылдығы көтерілген соң ортаға шыққан «Үшқоңыр» этно-фольклорлық ансамблінің өнерпаздары Жамбыл Жабаевтың өлеңдеріне жазылған әндерді әуелете шырқаумен бастады. Одан кейін сахналық қойылымға кезек беріліп, ансамбль әртістері жыр алыбының жалынды жастық шағын аса шеберлікпен көрсете білді. Қос ғасырдың куәгері болған ақынның ұстаздары Сүйінбай Аронұлы мен Сарыбай Айдосұлының сол кездегі бала Жамбылға берген баталары да танымдық тұрғыда сахналанып, көрермен жүрегіне жол тартты. Иә, осылайша оның өмір шындығы мен уақыт бедерін арқау еткен жыр-дастандары дара дарынның қолтаңбасы, даралыққа тән табиғаты, сондай-ақ, шеберлік пен шешендіктің, шынайылықтың да үлгі-өнегесін барынша әспеттеліп, табиғи тұрғыдан кеңінен көрсетілді.
Айтыс өнерінің алтын діңгегі атанған Жамбыл Жабаевтың азулы ақындармен болған сөз жарыстары да бұл шара барысында шет қалған жоқ. ХХ ғасырдың – Гомері атанған өнер дүлділінің Айкүміс пен Бұрым ақындармен айтыстары әдемі дәріптелді. Ансамбльдің жоғары деңгейде өткен концертінен соң, сахнаға аудан басшысы Жандарбек Ермекұлы көтеріліп құттықтауын сөзін сөйлеп, Жамбыл Жабаевтың артына қалдырған мол мұрасы жайлы ой-пікірін білдірді. Мұнан кейін көрермендердің қызу қошеметі аясында зор құрметті білдіретін, ортаға Қарасай мен Жамбыл аудандары әкімдерінің атынан ықылас гүлі әкелініп, қойылды
Осылайша, жыр жампозы – Жамбылдың 175 жылдығы ерекше аталып өтті. Ұлы даланың мұрагерлері ұлтының асыл перзенті, ақын Жамбылмен мақтанады. Биік парасатты өнерпаз, халық поэзиясының атасы атанған ақынның есімі елінің жүрегінде мәңгі сақталады. Оның өнегелі өмірі мен руханиятқа толы мұраларын ұлықтау шаралары жыл соңына дейін ауданымызда жалғасатын болады.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь