Жастар мәселесі талқыланды

0
98

Бүгін аудандық әкімдіктің мәжіліс залында Алматы облысының жастар саясаты басқармасына жаңадан тағайындалған басшысы Елдар Сапаров пен аудан әкімінің орынбасары Күлжан Дүйсенованың қатысуымен жиын өтті. Алқалы басқосуда өткен 2020 жылда ауданымыздың белсенді жастарының атқарған жұмыстары мен жеткен жетістіктері қорытындыланды, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымның тілшісі.

Жиында күн тәртібіндегі көтерілген төрт мәселе бойынша аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Айжан Балажанова, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалының кеңесшісі Елена Константинова, ауданаралық көпсалалы ауруханасының «Жастар денсаулық орталығының» менеджері Дана Таждинова мен жергілікті полиция қызметі ювеналды полициясының аға инспекторы Жұлдыз Бейсембаева баяндама оқып, өз салаларына байланысты атқарылған жұмыстар жайлы кеңінен айтып, қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

Мұнан бөлек бүгінгі басқосуда қазіргі жасөспірімдер арасындағы буллинг, зорлық-зомбылық, өз-өзіне қол жұмсау, сондай-ақ, жұмыссыздық сияқты бірқатар өзекті мәселелер көтерілді. Нақтырақ айтқанда, жиында сөз алған Елдар Қайсарұлының өткен жылдағы көрсеткіш бойынша біздің облыс жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсау, кәмелетке толмаған жасөспірімдердің жүкті болуы көрсеткіші бойынша алдыңғы орындарда тұрғандығына тоқталып, осыған байланысты биыл облыстың психолог мамандары мен полиция қызметкерлерімен бірлесе атқарылатын жұмыстар туралы егжей-тегжейлі айтып өтті. Сонымен қатар, облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы жастар үшін мемлекет тарапынан жасалған бағдарламаларды насихаттау жұмыстарын белсенді жүргізіп, жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін шешу қажеттілігіне де тоқталды.

Мұнан кейін Күлжан Әділханқызы сөз сөйлеп, алдымен карантин кезінде көмек көрсетіп, үлкен жұмыстар атқарған белсенді жастарға алғысын білдіріп, жоғарыда айтылып өткен өзекті мәселелерді шешу үшін алдағы уақытта жасалатын жұмыстарға біздің де ауданымыз атсалысатындығын айтып, бүгінгі басқосуды тәмамдады.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь