Қырғызстанның жаңа басшысы алғашқы ресми сапарын Қазақстаннан бастайтын болды

0
93

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қырғыз Республикасының жаңадан сайланған Президенті Садыр Жапаровпен телефон арқылы сөйлесіп, Қазақстанға алғашқы ресми сапармен келуге шақырды, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы Ақордаға сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровты сайлаудағы жеңісімен құттықтап, дауыс беру нәтижесі оның ұсынған Қырғызстанның әлеуметтік-экономикалық тұрақты дамуын қамтамасыз ету және мемлекеттілігін одан әрі нығайту бағдарламасы бүкілхалықтық қолдауға ие болғанының куәсі екенін атап өтті.

Әңгіме барысында Қазақстан Президенті бауырлас Қырғызстанмен арадағы ынтымақтастықты екі ел халқының мүддесіне сәйкес достық, тату көршілік және стратегиялық әріптестік рухында одан әрі дамыта беруге бейілді екенін нақтылады.

Садыр Жапаров Қырғыз Республикасының тұрақты әрі байыпты дамуға бағытталған ұмтылысын үнемі қолдап келе жатқан Мемлекет басшысы мен Қазақстан халқына алғыс айтты.

Президенттер екіжақты байланыстардың күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендерін, сондай-ақ, халықаралық ұйымдар шеңберіндегі іс-қимылдарды арттыруға ниеттілігін растады.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровты елімізге ресми сапармен келуге шақырды. Қырғыз басшысы шақыруды қабыл алып, Президент ретіндегі алғашқы сапарын Қазақстаннан бастайтынын айтты. Сонымен қатар, ол біздің еліміздің басшысын Парламент сайлауының сәтті өтуімен құттықтады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровқа бауырлас Қырғызстан халқының игілігі жолындағы жауапты мемлекеттік қызметіне толағай табыс тіледі.

Айта кетейік, осы уақытқа дейін БАҚ беттерінде Садыр Жапаровтың Қырғызстан Президентінің сайлауында көш бастап тұрғаны белгілі болған еді.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь