Түлектердің мектептерге соңғы қоңырауға келуіне рұқсат беріледі

0
134

ҚР БҒМ баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл 25 мамыр күні соңғы қоңырау үні тек 9 және 11-сынып түлектері үшін ғана соғылатын болады. Аттестаттарды табыстау рәсімі мектеп алаңында маусым айының ортасында өткізіледі, – деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы.

Соңғы қоңырау рәсімі 25 мамырда санитарлық нормаларды сақтай отырып, өңірлердің бас санитарлық дәрігерлерінің келісімімен өткізіледі деп жоспарланған. Оны өткізу форматы туралы шешімді әр мектеп өзі қабылдайды. Ал, 9 және 11-сынып түлектеріне арналған салтанатты жиын мектеп аумағында таза ауада ұйымдастырылады.

Қорытынды аттестаттау аяқталған соң 12-14 маусым аралығында мектеп түлектері үшін ашық алаңда мектеп бітіру кештері ұйымдастырылады. Салтанатты іс-шара барысында орта білім туралы аттестаттар табыс етіледі. Оқушылар саны аз мектептер бітіру кешін барлық сынып үшін бір уақытта өткізе алады. Егер мектептегі түлектер саны көп болса, салтанатты шараны әр түрлі күндерде өткізу ұсынылады.

– Мектеп бітіру кеші – орта білім туралы құжатты табыстауға арналған дәстүрлі іс-шара. Оны ұйымдастыру кезінде санитарлық қауіпсіздік шараларын сақтау қажет. Сонымен бірге маска тағу режимін, қатысушылар арасында кемінде 1-1,5 метр қашықтықты қатаң сақтауды және ата-аналардың немесе заңды өкілдердің біреуінің ғана қатысуын қамтамасыз ету керек, – деді Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова.

2020-2021 оқу жылында 3,4 млн астам оқушы мектептерде білім алды. Олардың 150 мыңға жуығы 11 (12) сыныпты аяқтайды.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь