Шамалған ауылынан дәріхана ашқан Жанар

0
318

2017 жылдан бастап «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы» жүзеге асырыла бастады. Ауданымызда аталған бағдарлама аясында қайтарымсыз грантқа ие болғандардың қатарында дәріхана ашқан Жанар Мұхатова да бар, деп хабарлайды  karasayinfo.kz  желілік басылымның тілшісі.

1994 жылы 12 қарашада өмірге келген бойжеткен «фармацевт» мамандығын иеленіп, жоғарғы оқу орнын аяқтаған соң 2010 жылы Қаскелең қаласына көшіп келген. 2013 жылы Асаи Нұрғазин атты азаматқа тұрмысқа шығып, аталған елді мекенге келін болып түскен соң ұзақ уақыт декретте отырмастан жұмысқа шығады. Осылайша аудан орталығындағы «Виктория» атты дәріханада өз саласы бойынша жемісті еңбек еткен.

Жақында Жанар жолдасымен бірлесіп, Шамалған ауылынан  жер алып үй бастаған еді. Міне, қазіргі таңда, жас отбасы еңселі үйдің іргетасын қалап жатыр. Өзі наубайханашы болып істейтін отағасы Жанардың өз алдына кәсіпті қолға алсам деген бастамасын бірден қолдаған. Осы ретте, Жанардың қайын атасы Нұрғазы Жантілиев пен енесі Жеміс Байдуллаеваның еңбектерін ерекше айтпаса болмас. Ата-аналарын ақ баталарын алған соң Жанар мен Асаи ауыл халқының тыныс-тіршілігімен, әлеуметтік жағдайымен жақын таныса келе жан-жары Асаи мен тұрғындарға да өздеріне де пайдасы болар бір шаруаны қолға алуды ұйғарады. Жанар ойлана келе дәріхана ашсам деген шешімге тоқталады. Себебі, мақаланың арқауына айналған кейіпкеріміздің де бұл салаға келуі де кездейсоқ емес. Нағашы әжесі дәріханада жұмыс істеген, тәжірибелі «фармацевт». Жанардың ата-анасы, туған әпкесі де медицина саласында қызмет етеді. Мәселен, анасы Тазагүл Түрменбаева Сарығаштағы шипажайлардың бірінде «физиотерапевт», 2002 жылы өмірден озған әкесі Абат Мұхатов мал дәрігері еді. Ал, әпкесі Айнұр Мұхатова да «фармацевт». Иә, осындай отбасынан шыққан кейіпкеріміз өзін басқа саланы игеріп кете алмайтынын түсініп, хабары бар дәріхана жүргізу ісін жетілдірмек болады. Сөйтіп, Жанар таныстарынан бүгінгі таңда, әсіресе, жас кәсіпкерлерге жақсы көңіл бөлінетіндігінен хабардар болады. Ол «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Қарасай аудандық филиалына келіп, алдымен іскерлік әлемінің қыр-сырына қанығу үшін қазіргі жағдайға байланысты 21 күндік онлайн курстан өтеді. Қолына сертификаты тиген соң аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бизнес жобасын сәтті қорғап, сол кездегі 200 АЕК, яғни, 583  мың теңге қайтарымсыз грантқа ие болады. Қаражатты қолына алған соң, дәріханаға лайықты ғимарат іздеп табады. Лайық орын Шамалған ауылындағы Әбіш ата көшесіндегі «Оазис» дүкенінің қасынан табылған. Қажетті құжаттарды жинап, дәріхана ашуға рұқсат беретін лицензияға да қол жеткізді. Одан кейін дәрі қоятын сөрелерге, дәрілерге тапсырыс берген. Ал, жетпеген қаражатты жолдасы Асаи қосып, қолдау білдірген. Ашылғанына бір ай болған дәріхана жайлы жергілікті тұрғындар хабардар болып үлгерген. Таңғы тоғыздан кешкі тоғызға дейін үзіліссіз жұмыс істейтін Жанардың жеке кәсіпкерлігі көпшілік үшін қолайлы. Алдағы уақытта сұраныс болса, жеткізу қызметін қосуды жоспарлап отыр екен.  Бұл да жас кәсіпкердің бизнес әлеміне бойлай түсіп, жаңа қырымен танылғысы келетінін аңғартса керек.

Бүгінде 8 жасар Жанель есімді қыз бен 7 жастағы Ернар атты ұлдарын тәрбиелеп, өсіріп отырған Асаи мен Жанар жақында үшінші сәбилерін де күтіп жүр. Біз де өз кезегімізде жаңадан ашылған кәсібін жүргізіп отырған Жанарға сәттілік тілейміз. Мемлекеттен берілген көмектерді жүйелі қолданар жастардың қатары артсын.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь