«Рухани қазына – 2021» фестивалінде аудандық тарихи-өлкетану музейі үздік атанды  

0
115

Республикалық «Рухани қазына – 2021» байқауының аясында облыстық, аудандық, қалалық деңгейдегі мемлекеттік музей, үздік кітапхана, үздік мемлекеттік мәдени ойын-сауық ұйымы мен мәдениет ұйымдарының үздіктері іріктеліп, марапатталады.  Мерейі үстем болып, абыройы артқандардың қатарында біздің  аудандық тарихи-мәдени өлкетану музейі «Үздік аудандық маңызы бар мемлекеттік музей» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды, деп хабарлайды  karasayinfo.kz желілік басылымның тілшісі.

Мәдениет және өнер саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай осымен үшінші жыл қатарынан «Рухани қазына» республикалық фестивалі ұйымдастырылды.  Биыл бұл шара сал-серілер мекені, 2021 жылғы Қазақстанның мәдени астанасы – Көкшетау қаласында өткізілді. Фестивальді салтанатты түрде ашуға ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Көкшеге арнайы барды. Фестивальге қатысуға өтінім бергендердің барлығы тәжірибесі мол, мықты   өнер және музей ұжымдары. Солардың ішінде «Үздік аудандық маңызы бар мемлекеттік музей» номинациясы бойынша алға суырылып шығып, жеңімпаз атанған Қарасай аудандық тарихи-өлкетану музейін осы марапатқа лайық деп айтуға толықтай негіз бар.

Ашылғаннан бері жылдан-жылға аса құнды көненің көзіндей тарихи жәдігерлермен толығып келе жатқан музей, бүгінде әртүрлі іс-шаралар өткізу арқылы, облысымыздағы музейлердің ішінде алдыңғы қатарда тұр. Бұдан біраз уақыт бұрын елімізге танымал ақын Серік Қалиевтің басшылығымен жұмыс істеп келе жатқан тарихи-өлкетану музейі байқаудың бірінші кезеңінен облыстың ішінде жеңімпаз атанып, екінші кезеңге жолдама алған болатын. Осылайша бір жыл бойы атқарған жұмыстарын таныстырып, бар жинаған тәжірибелерін көпшілік назарына ұсынған бұл мәдени мекеменің еңбектері елеусіз қалған жоқ. Аудан абыройын асқақтатып, облыстардың арасында оза шапты. «Рухани қазына – 2021» байқауының белгісін білдіретін мүсінше және дипломмен қатар, бір миллион теңге қаржылай сыйлыққа да ие болды.  Марапаттарын алуға музейдің қор сақтаушысы Гүлжан Аянбаева мен экскурсия жүргізуші Наргиза Ергазиева Көкшетау қаласындағы фестивальге арнайы барып қатысып қайтты.

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь