Партияның ауқымды жұмыстары талқыланып, алдағы міндеттері нақтыланды

0
110

Ауданның әлеуетін арттыру жолында «Nur Otan» партиясының атқарып жатқан жұмыстары аз емес. Партия тарапы қашанда күрделі міндеттерді мүлтіксіз орындап, халықтың тұрмысын жақсарту жолында аянбай еңбек етіп келеді. Осындай игі істердің легі бүгін «Nur Otan» партиясы Қарасай аудандық филиалының XXXI есеп-беру сайлау конференциясы барысында жан-жақты айтылды, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымның тілшісі.

Аталмыш жиын санитарлық талапқа сай партия филиалының мәжіліс залында өтті. Оған «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Гүлнәр Тойлыбаева және басқа да партияның бірқатар мүшелері арнайы қатысты. Сонымен қатар, конференцияға жаңадан сайланған делегаттардың барлығы «ZOOM» платформасы арқылы партия жұмысының есебімен танысып, тыңдап отырды.

Күн тәртібінде алғашқы мәселе болып партияның аумақтық филиалының Саяси кеңесінің есебі 2019-2020 жылдарға арналған жұмыстар және алдағы кезеңге арналған міндеттер туралы айтылды. Бұл туралы Қарасай ауданының әкімі, аудандық партия филиалының төрағасы Жандарбек Далабаев жан-жақты жеткізді. Аудан басшысы баяндама барысында екі жыл ішінде партия тарапынан атқарылған жұмыстарды толық түсіндіріп, әр сала бойынша жеткен жетістіктерді тізбектеді. Оның ішінде пандемия уақытында да атқарылған игілікті істерге де тоқталып, аудан аумағын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру жөнінде де айтты.

Баяндаманы талқылау мақсатында аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы, аудандық партиялық бақылау комиссиясы төрағасының орынбасары Сағат Мәсімақынов пен аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Сағындық Жұмабаев сөз сөйлеп, өз пікірлерін ортаға салды. Партияның қос бірдей ардагері аудандық партия филиалының және оның төрағасы, аудан әкімі Жандарбек Ермекұлының бастамасымен атқарылған бірқатар істердің жақсы жағынан жанданғанын түсіндіріп, «қанағаттанарлық» деген бағаларын берді.

Конференцияның күн тәртібінде, сонымен қатар,  партияның аумақтық филиалының кеңесін және «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалының XXVIII есеп беру-сайлау конференциясына делегаттар сайлау туралы екі мәселе де қаралды.

Аудандық саяси кеңестің жаңа құрамымен аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қаныбек Айтжанов таныстырды. Сол тізімге сәйкес делегаттардың дауыс беруімен кеңестің құрамы да бекітілді. Дәл сол сияқты соңғы мәселе де қаралды. Бір ауыздан нұротандықтардың қолдауымен Алматы облыстық партия филиалының квотасы бойынша 13 делегат сайланды.

Осылайша конференция жұмысының күн тәртібіндегі барлық мәселе қаралған соң, «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Гүлнәр Тойлыбаева сөз сөйлеп, партияның бес жыл ішінде атқарылатын жұмысына да қысқаша тоқталды.

–  Сайлау кезінде берген уәдемізді орындай білуіміз керек. Өйткені, оның нәтижесі одан кейінгі сайлауда жеңіске жетуімізге үлкен әсер етеді. Сондықтан халықтың сенімін ақтай білген жөн, – деді Гүлнәр Қожағұлқызы.

Жиын соңында Қарасай ауданының әкімі, аудандық партия филиалының төрағасы Жандарбек Ермекұлы нұротандықтардың алдағы жұмысына сәттілік тілеп, «Nur Otan» партиясының құрамына кірген бірқатар азаматтарды құттықтап, партия билеттерін табыстады.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь