Отандық «Ұлы Дала зары» фильмі «Оскар» сыйлығына үміткер, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы.

Қазақстандық кинотуынды «Оскар» сыйлығының «Шет тілдегі үздік фильм» номинациясына ұсынылған. Фильмнің продюссері — Ернар Мәліков, ал режиссері — Марина Қонарова.

«Қазақстанның киногерлер одағы АҚШ-тағы «Оскар» комитетіне біз жақтан осы кинотуындымызды ұсынды. Біз АҚШ-қа фильмді жолдадық, осыдан екі күн бұрын «Оскар» сыйлығы комитетінің шешімі шықты. Олар қазақстандық фильмді қабылдағаны туралы хаттама шығарды. Енді алдағы уақытта анкета толтыртып, фильмді қандай форматта жолдау қажеттігін хабарлайды», — деп мәлімдеді фильмнің продюссері Ернар Мәліков.

«Оскар» сыйлығының қорытындысы келесі жылдың сәуір айында жарияланады.

«Ұлы Дала зары» фильмі – 1920-1933 жылдар аралығындағы қазақ халқының басынан өткен Ашаршылық тарихына арналған кинотуынды. Сол зұлмат кезеңде қазақ халқы ашаршылықтан қырылып, аман қалғаны шетелде босып кетуге мәжбүр болған еді. Фильмнің тұсаукесері 2020 жылғы 7-9 қараша аралығында Лос-Анджелестегі Халықаралық Азия кинофестивалінде өткен.

Жалпы фильмді жарыққа шығаруға 5 жылдан астам уақыт жұмсалған. Алғашында қаржы тапшылығына байланысты халықтан краудфандинг арқылы қаржы жиналған. Тіпті, компания иесі басталған істі аяқтау үшін жеке мүлкін де сатқан. Сондай-ақ, түсірілім болған Алматы облысы Ақсу ауданына қарасты Қапал, Арасан, Суықсай, Баласаз ауылдарының тұрғындары да қақаған қысқа қарамастан түсірілім тобына барынша қолдау көрсеткен. Сондықтан, компания өкілдері «ҰЛЫ ДАЛА ЗАРЫН» халық фильмі ретінде есептейміз дейді.

Қазақстандықтар «Ұлы дала зары» фильмін ақылы түрде cinexus.kz сайтынан онлайн нұсқада көруге болады.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь