Ұлына ұлан-асыр той жасаған ауыл әкімі қызметінен кететін болды

0
210

 Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Ақжол ауылдық округінің әкімі Татжан Өтемісов пандемия кезінде ұлына үйлену тойын жасағаны үшін қызметінен кететін болды, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы «Мой город» порталына сілтеме жасап.

Аталған облыста 3 қараша күні COVID-19-дың таралуына жол бермеу жөніндегі жедел штабтың кезекті отырысы өтті. Жиын барысында БҚО әкімі Ғали Есқалиев Ақжайық ауданына қарасты Ақжол ауылдық округінің әкімі Татжан Өтемісовтың ұлына той жасағаны расталып-расталмағанын сұрады. Ал, әкім аппаратының басшысы Берік Батаев ауыл басшысы 9 қазаннан 9 қарашаға дейін кезекті еңбек демалысында жүргенін мәлімдеп, былай деді: «Бұл фактіге қатысты тексеріс жүргізілді. Татжан Өтемісов 9 қарашаға дейін еңбек демалысында. 10 қарашадан бастап ол қызметінен босатылады. Бұған қоса карантиндік шектеулерді бұзғаны үшін Өтемісовке қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, 41 мың теңге айыппұл салынды».

Естеріңізге сала кетсек, үйлену тойында түсірілген видео Instagram-да жарияланды. Артынан оны алып тастаған. Алайда адамдар әлеуметтік желідегі видеоны ұялы телефонға жазып алып, бұқаралық ақпарат құралдарына жіберді.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь