Жадыра Искакова: «Шектеу тек біздің миымызда»

0
1937

Әлем бесігін бір қолымен тербетіп, биязы мінезімен де, іскерлігімен де талай үлкен белесті бағындыратын әйелдер қауымының біздің қоғамда алар орны айрықша. Оның ішінде тағдырдың сынағынан сүрінбей, жігері мұқалмаған, жұдырықтай жүрегімен өмір үшін күресінен тайсалмайтын ерекше нәзік жандыларды айтпасқа тағы болмас. Иә, оларды «ерекше» деп атау өте орынды. Қоғамда мұндай адамдарды «мүгедек», «мүмкіндігі шектеулі» деген сөздермен сипаттап жататыны жасырын емес. Алайда, өзгелерде табылмас асқақ рухы бар мұндай қайсар жүректілерді «ерекше» деп атаған абзал. Неге дейсіздер ғой?.. Өйткені, бүгінгі біздің тілге тиек етер кейіпкеріміз Шамалған ауылының тұрғыны Жадыра Искакова мүмкіндігі шектеулі бола тұра, «мүмкін» болатын талай игілікті істерді ілгерілетіп жүрген қайсар жанның бірі.

Жадыра Кеңесқызы Алматы облысы Кеген ауданында Тянь-Шань тауының етегінде 1987 жылы жайдары жаздың алғашқы күнінде дүниеге келген. Бал күнді балалық шағы Алматы қаласында өтіпті. Осылайша бірінші сыныпты оңтүстік астанадағы Ибрагим Нүсіпбаев атындағы мектепте оқып, ал, алтыншы сыныпқка көшкенде біздің ауданға қарасты Шамалған ауылындағы Қарасай батыр атындағы орта мектебіне ауысады. Жас талантты қыздың кішкентайынан бастап суретшілікке қызығушылығы бар еді. Бала кезінен-ақ, қуыршақтарға түрлі киімдер тігіп, мектепте қабырға газеттерін шығаруға ат салысатын. Оның қабілетін өзіне сурет және сызу сабағынан беретін Еркін Рамжанов атты мұғалімі байқап, әрі қарай шыңдаған. Дизайнерлік мамандығына осы кісі дайындаған. Сондықтан да бүгінде кәсіби маманға айналған кейіпкеріміздің, барлық осы сала бойынша жетістіктері үшін алғашқы ұстазына деген алғысы шексіз.

Осылайша Жадыра жақсы көрген ісін дамыту үшін Алматы мемлекеттік сервис және технология колледжінде «модельер-конструктор» мамандығын оқыған. Одан кейін Алматы технологиялық университетінде «киім дизайнері» бойынша біліктілігін арттырады. Жалынды жастық шақтарының бір күнінде жол-көлік апатына ұшырайды. Оқыс оқиға орын алған кезде Жадыра машина ішінде ұйықтап келе жатыпты, қасында құрбысы, рөлде жігіті еді. Артта келе жатқан достары терезелерінен шығарған. Өйткені, ол машинада тірі қалу мүмкін емес еді. Консерві сияқты мыжылып қалғаннан есіктері ашылмады.

– Тек ауруханада есімді жидым, – деп кейіпкеріміз сол бір сәтті есіне алады. – Кіндігімнің ішіне дейін терезенің әйнектері толып қалған болатын. Бетімде бір кесілмеген сау жер болмады. Бір ай бойы бірде есім бар, бірде жоқ болып жаттым. Омыртқама ота жасалды. Аяғымды қозғалта алмайтынымды түсініп, қатты қорықтым, кесіп тастады ма деп. Бірақ, басымды әрі-бері қозғалтып әзер дегенде аяғымды көрдім, екі аяғым орныңда тұрғанына шүкір дедім. Яғни, 1-2 айда тұрып жүремін деп үміттендім, сендім. Қасымда әрқашан жақындарым, туыстарым, достарым және жігітім болды. Менің ары қарай өмір сүруім үшін бірге күрестік. 2-3 ай отыруға болмайтын болды. Ойлаңызшы, 3 айдан кейін отырғанда басым айналып, көзім қарауытты. Баяғы ерке қыз жүз жылға есейіп кеткендей болды. Өмірге деген көзқарасым өзгерді. Мен депрессияға ұшырамадым. Өйткені, қайғыратын уақыт жоқ. Әр сағатым, әр минутым жоспарланған. Төсегімнің басында қаншада не істеу керектігім жазылып тұратын: массаж, ине салу, жаттығу жасау, өзімді күту, қыдыру дегендей.

Иә, осылайша омыртқасынан зақым алған ержүрек қыздың бірден аяққа тұрып, емделіп кетуіне кедергі болған бір нәрсе бар еді. Ол – Қазақстанда жасалған сәтсіз ота… Бұл біраз оңалту кезеңді баяулатты. Ал, Қытай еліндегі Үрімші қаласына жасап келген отасы Жадыраға екінші өмір сыйлағандай болды. Бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жанға айналған кейіпкеріміз сурет салып, тігін тігуді тоқтататпапты. Себебі, ол махаббатқа бөленген еді. Барлық жақындары, ата-анасы, бауырлары және сүйіктісі қолдау білдірді. Жадыраның бойындағы шыншылдық, табандылық, өжеттілік отбасынан дарыған еді. Атасы Жұмағазы Ысқақұлы 40 жыл мал дәрігері болған. Жаны шығармашылыққа жақын, өлеңдер шығаратын, «Мерей» атты кітабы жарық көрген, 80 жасына дейін күнделік жазған білікті де білімді, ұстамды, шыншыл адам. Әкесі Кеңес Жұмағазыұлы Астрахань қаласында әскерде болып, өз әкесінің жолын жалғаған мал дәрігері атанады. Ал, анасы Қымбат Алиасқарқызы өмірге деген сүйіспеншілі ерекше, қағілез, ізденімпаз, нағыз өжет жан еді. Ол әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да физика-математика факультетін тәмамдапты. Десе де, әке-шешесі Кеңес өкіметінің құлдырау кезеңінде мамандықтарын кәсіпкерлікке ауыстырып, жемісті еңбек етуде. Жадыра үйдің ортаншысы, Елжан деген інісі, Айнұр деген әпкесі бар. Ол әкесінің қызы болғаннан болар, ешқашан «жоқ, болмайды!» деген сөздерді естімей өсті. Сондықтан болар мінезі өжет, ал, санасында шектеу жоқ, қорқыныш дегенді білмейді.

Оның өмірге деген құштарлығы, тіршілік әлеміне деген шексіз сезімі, табыс үшін табандылығы ғана емес, намыс үшін нәзіктік жанқиярлығы да көпке үлгі десек қателеспеспіз. Осы қабілеттерінің арқасында тағдырдың берген сынағына мойымай 2011-2012 жылдары жездесі Жомарт, әпкесі Ақбота бірлесіп жаңа кәсіп бастайды. Қаскелеңнен «Золотая пуговица» деп аталатын ателье ашып, онда яшма, малахит, оникс, бирюза, горный хрусталь, топаз сияқты табиғи тастардан зергерлік бұйымдар жасап, сатуды қолға алған. Ол жерде жоғарғы оқу орнында бірге оқыған құрбысы Мәріш екеуі бірге жұмыс істеді. Әпке-жездесінің басқа жұмыстары болса да бұл кәсіпті дамыту үшін кешке келіп көмектесетін. Бірақ, Жадыраның денсаулығына байланысты ауруханаға жатып, ательені жабуға тура келіпті. Қайта оңалту курсынан өткен соң кейіпкеріміз жаңа леппен жаңа істі бастайды. Курстас қыздарымен бірге Алматы қаласынан қарасты «Таусамалы» елді мекенінен осы жолы «Алтын түйме» деп қазақша аталған ательені ашты. Тігін цехының жарнамасына үлкен мән берілді. Соның арқасында оңтүстік астанадағы ірі «Шарм», «Сәулет» сынды шоу балеттермен тұрақты түрде жұмыс істей бастайды. Тіпті, цирктерде өнер көрсететің акробаттарға неше түрлі бағыттағы қауырсындар, жылтырақ тастар, оюлар, ерекше қайталанбас стильде сәнделген костюмдер тігіпті. Одан кейін, өнердің қайнаған ортасына айналған Алматының ортаңғы көшелерінен ғимаратты жалға алып, сол жақта жұмыстарын жалғастырады. Жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, дизайнерлік коллекциялар тігіп, мектептерден біраз ауқымды тапсырыстарды қабылдады. Дегенмен, барлық әлемнің экономикасына әсер еткен пандемия «Жадыра» жеке кәсіпкерлігін де айналып өткен жоқ. Концерттік шаралар өткізілмей, сауық кештер ұйымдастырылмай, тіпті, мектептер де жұмыстарын тоқтатқан соң мүлдем тапсырыстар болмай қалды. Сондықтан тігін ательесін жабуға тура келіпті.

ZHadyra-3-768x755.jpg

Иә, тағдырдың талай сынынан құламаған кейіпкеріміз бұл жолы да жаңаша бағытты қолға алды. Тігінге байланысты тапсырыстарын үйден қабылдай бастады. Сонымен қатар, сегіз жылдан бері бойындағы қорқынышты жеңіп, табандылыққа үйреніп, түп санасын өзгертуге, арманына қол жеткізуге үлкен септігін тигізген психолгия ғылымына деген қызығушылығын әрі қарай шыңдайды. Осы негізде көптеген ресейлік, қазақстандық психология саласы бойынша атақты коуч-тренерлерден сабақтар алып білімін жетілдіреді. Ойлана келе үйде отырып тігін тігуден тапсырыстар қабылдаған әлдеқайда ыңғайлы екенін түсініп, еліміздегі карантиндік шектеулер жеңілдетілген соң да онлайн жұмыс істеуін жалғастырады. Уақытын тиімді пайдаланып, бос кездерін серуендеуге жаңа заттарды танып білуге арнайды. Мәселен, Жадыра қыз Дубайға, Египет елінде саяхаттап қайтқан. Ол жердегі ғылым мен техниканың дамып кеткенін атап айтты. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі деп танылған жандар сол мемлекеттердің әрбір аймағында еш қиындықсыз жүре беруіне барлық жағдай жасалғандығын тілге тиек етті.

– Осы кезде де біздің елде бұл бағыттың дамуы, тіпті, кенжелеп тұрғанын байқаймыз. Тіпті, кейбір мемлекеттік мекемелерде мүгедектердің кіріп-шығуы үшін мүлдем жағдай жасалмағанына қарап қынжыласың. Кез келген ғимарат салар алдында электронды болмаса да қарапайым пандустарды орнатуды ұмытпаса екен деймін. Осы ретте өзімнің тұрғылықты жерім Шамалған ауылында спорт кешені ашылғанда қуанған едім. Бірақ, ол жерге мен сияқты адамдар үшін жағдай жасалмағанын біліп көңілім түсіп, шынымды айтсам, ренжідім. Үй қасында бассейн бар болса да Қаскелеңдегі «Дельфинге» келуге мәжбүрмін. Сондықтан аудандағы спорт кешендерінде бізге де жағдай жасалса екен. Тағы бір айтарым, мемлекет тарапынан біздің ауданда тек ауыр әрі ыңғайсыз арбалар ғана беріледі. Спорттық қозғалуға ыңғайлы арбалар неліктен бөлінбейтіні мені қатты алаңдатады, – деп өзіндік ұсыныс, назын айтты кейіпкеріміз.

Расымен де, Жадыра айтқандай шектеу тек біздің миымызда. Сондықтан ол батыл қадамдарға барудан мүлдем қорықпайды. Оның дәлелі біздің кейіпкеріміз Шамалған тауынан парапланмен, ал, Египетте парашютпен ұшқан. Тіпті, сол саяхатында су асты әлемімен танысу үшін дайвингпен теңізге түсіп, квадрциклге де қорықпай отырған. Осы жазда Көлсай мен Қайыңды көлдеріне барып өз көзімен көрген. Көлік жүретін жолға дейін барып, әрі қарай атпен көтеріліпті. Талай шетелдерде де болса да, туған жердегі осыншама сұлу көрініс еріксіз оның көзіне жас ұялатыпты. Жадыраның айтуынша, сол жақтарға барған кезінде, үлкен қанағат сезімге бөленіпті. Алматы облысында орналасқан Алакөл туристік аймағына барып та демалып қайтыпты. Біраз аймақты аралап жүрген батыл қыз жұмыстарын ешқашан шет қалдырған емес. Тігін өнерімен қатар, психология саласында қатар алып жүр. Сегіз жыл бойы қымбат әрі сапалы түрлі мықты мамандардан алған білімін қазір құрбыларымен бөлісіп, психологиялық вебинарлар өткізуде. Қазіргі кезде жеке даму, қорқыныштарды жеңу, ақшаны басқару сынды мотивациялық консультацияға қыздарды қабылдып коуч атанған жайы бар. Одан сабақ алған қыздар нәтижесіз емес. Алдағы уақытта да курстары арқылы, тағдырдың сан түрлі тәлкегіне түскен қыздарға өз үлгісінде ақыл-кеңесін беріп, кішкене болса да пайдасын тигізуді мақсат еткен.

– Махаббат деген нәрсе сені барлығына жетелейді екен. Әсіресе, жақындарының қолдауы мен мейірімі және саған деген сенімі. Әкем мен анамнан нені бастасам да, нені қаласамда әр ісімде: «Біз саған сенеміз, сенің қолыңнаң бәрі келеді. Сен ақылдысың, мықтысын!» деген сөздерді еститінмін. Осы сөздері мені әрқашанда қанаттандырады. Мені сүйіктімнің де маған деген ілтипаты әрдайым ерекше болды. Алақанына салып жүрді десем артық айтқаным емес. Көңілімді көтеруге тырысып, күнде гүл сыйлап, сыйлықтар жасаудан жалықпады. Кенеттен өмірімнің басқа арнаға бұрылуы оңай тимеді. Десе де мен Алла бұйыртса бір қайыр, бұйыртпаса мың қайыр деп өзімді Жаратқан иемнің назарындағы сынаққа төзе білетін жан ретінде сезінемін, – деген кейіпкеріміз қиын кезде қолдау білдірген жанашыр адамдардың барлығына, арайлап атқан әр таңына шексіз алғысын білдірді.

Әңгіме соңында қайсар жүректі Жадыра алдағы жоспарларымен де бөлісті. Қазір ол матаға, киімдерге сурет салудан тәжірибе жинап жүр. Болашақта өз коллекцияларынан бренд ретінде қайталанбас киімдерді көпшілік назарына ұсыну ойында бар екен. Оған қоса психологиялық жанрда кітап жазып шығаруды мақсат екен. Себебі, батыл қыздың басқаларға айтары көп.

Жалынды сөзін жеткізген оның тағдыры көпшілілікке ой салары анық. Біз өз кезегімізде қайсар жүректі, өр рухты Жадыра Кеңесқызының ғибратты ғұмыр кешуіне шын тілекшіміз. Алға қойған жұмыс жоспары, ойының да артық орындалып, құтты қадамдары қуанышқа ұласа берсін, дегіміз келеді!

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь