Нысандардың құрылысы – қатаң бақылауда

0
366

Аудан аумағындағы нысандардың құрылыс барысын білу үшін бүгін Алматы облысының мәслихат хатшысы Жанболат Жөргенбаев мердігер мекемелердің өкілдерімен арнайы кездесті, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы.

Әкімдіктің үлкен мәжіліс залында өткен жиынға ауданның мәслихат хатшысы Бауыржан Айнабеков, құрылыс саласына тікелей жауапты аудан әкімінің орынбасары Жарас Қатубаев және бірқатар ауданның мәслихат депутаттары қатысты.

Жиын барысында Қарасай жеріндегі бірқатар нысанның құрылыстары талқыға түсіп, олардың міндеттері сараланды. Кейбір мекемелердің жұмысы дер кезінде аяқталмауына байланысты Жанболат Әкебайұлы компания өкілдерінен нақты себебін сұрап, неліктен мерзімінде бітпей жатқанын анықтауға тырысты. Мәселен, көптің талқылауына айналған Қаскелең қаласындағы Белинский мектебінің күрделі жөнделуі уақытында аяқталмауы жайлы сөз болды. Құрылысына «Авторемстрой ЛТД» ЖШС тікелей жауапты бұл ғимараттың қазіргі жағдайы көңіл қуантарлықтай емес. Бұл жайында аудан әкімінің орынбасары Жарас Қанатұлы да растап, жұмыс барысындағы кемшілік тұстарын, оның ішінде терезелері әлі орнатылмағанын, ішкі жылу жүйесі реттелмегенін және басқа да олқылықтарды тілге тиек етті. Аталған жұмыстарға байланысты компания өкілі Жеңіс Жамантаев өзі нақты жауабын берді. Оның сөзінше, құрылыс материалдарына төлем жасалынған, алайда, олардың жеткізілуінде қиындық туып тұр. Жеңіс мырзаның айтқанына сүйенсек, жақын арада бұл мәселе шешіледі. Сонымен қатар, ол қыс түскенше ауа температурасының бірқалыпты болатынын айтып, соның нәтижесінде мектептің ішкі жұмыстарын тез арада бітетінін түсіндірді. Ал, аудан әкімінің орынбасары Жарас Қатубаев аталмыш компанияның ықпалымен бүгінгі таңда мектептің күрделі жөнделуі 57%-ға ғана дайын екенін жеткізіп, егер келісімшарт бойынша мерзімінен кешіксе, айыппұл арқалайтынын ескертті.

Мердігер мекемелердің міндеттері сараланған бұл жиында Қаскелең қаласы мен Жандосов ауылдық округіндегі әкімдік ғимараттарының құрылысы да талқыланды. Оларға жауапты серіктестіктер жұмыстың барлығы жоспар бойынша жүріп жатқанын түсіндірді. Дәл сол сияқты «Өмірұзақ» тұрғын үй кешені мен Тұрар ауылындағы жеке тұрғын үйлерге қатысты мәселе де қозғалды. Оларға қатысты жауапты компаниялар жұмыстарын уақтылы атқарып жатқанын жеткізді.

Жиын соңында облыстық мәслихаттың хатшысы Жанболат Жөргенбаев аудан аумағындағы аталған нысандардың жұмысы үнемі бақылауда болатынын айтып, құрылыс саласын жетік меңгерген маман ретінде өз бағасын берді. Әсіресе, Белинский мектебінің жағдайы мәз еместігіне жиі тоқталды.

– Бұл ғимарат облыс басшысы Амандық Ғаббасұлының тікелей қадағалауында. Қалай болғанда да, осы жылдың соңғы айында оқушылар мектепке баруы тиіс. Мердігер мекеме егер мерзімінде аяқтай алмаса, бәлкім, аудан аумағында құрылысын ерте аяқтап жатқан басқа компанияларды қосымша жұмылдыру қажет шығар. Солай ғана бұл тығырықтан шығуға болады, – деп Жанболат Әкебайұлы сөзін түйіндеп, құрылысшылардың алдағы жұмысына сәттілік тіледі.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь