Көп балалы ата-ана атанған Тәуелсіздіктің құрдастары

0
427

Мемлекетіміздің мызғымаз тірегіне айналған азаттықтың ақ таңы атқанына биыл 30 жыл толып отыр. Еңселі егемендікке қол жеткізген сәттен бері дәл осындай уақытты артқа тастап, тарихи кезеңге куә болғандардың бірі – тәуелсіздіктің құрдастары. Олар ұлы даланың ұл-қыздары ретінде мемлекеттің мәртебесін, мерейін асыру жолында өздеріне артылған сенімнің жоғары екенін жақсы түсінеді. Осындай тәуелсіздіктің төл құрдастарының қатарында отбасы құндылықтарын насихаттап жүрген қарасайлық Лаубаевтарды ерекше айтуға болады.

Саламатты өмір салтын ұстанатын жарасымды жұптың спорттық бәсекеде жеткен жетістіктері де мақтауға тұрарлық. Осы ретте Karasayinfo.kz желілік басылымы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында және қыркүйек айының екінші жексенбісі – отбасы күніне орай, облыстық отбасылық сайыстарда Қарасай ауданының абыройын арттырып, спорттық саланың жандануына үлес қосып жүрген, көп балала ата-ана атанған Талғат пен Мәдина жайлы мақала ұсынуды жөн санады.

Үйдің отағасы Талғат Лаубаев та, отанасы Мәдина Әлібекова да мектеп қабырғасынан спортты жанына серік етіп, талай жетістікке жеткен жандар. Тәуелсіздіктің төл құрдастары – Жетісу жерінің тумалары. Талғат Түгелбайұлы 6 сыныптан бастап бокспен айналысқан. Талдықорғандағы облыстық спорт мектеп-интернатын бітірген соң, Алматы қаласындағы Спорт және туризм академиясын аяқтаған. Ал, Мәдина Разбекқызы 5 сынып оқып жүргенде күрестің ішінен самбоны таңдаған. Нәзік жанды спортшы Алматыдағы К.Ахметов атындағы республикалық спорт мектебін аяқтап, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде «денешынықтыру және спортшы» мамандығын тәмамдаған.

Жарасымды жұптың өмірлік жолға қадам басып, шаңырақ көтеруіне себепші болған да осы спорт. Оның үстіне екеуін жақсы білетін дос-жарандарының да ықпалы болды десек артық айтқандық емес. Өйткені, самбошы Мәдинаның боз кілемде күресіп жүрген құрбылары Талғаттың сыныптастары екен. Осылайша спортқа деген екеуінің қызығушылықтары мен ортақ достарының арқасында екі жас 2013 жылы ерлі-зайыпты атанып, отбасын құрған. Бүгінде қос спортшы екі ұл мен екі қызға үлгілі ата-ана атанып, 29 жастарында көп балалы отбасы атанды.

Тәуелсіздік құрдастарының өздері қалап таңдаған спорт түрлерінен ауыз толтырып айтарлықтай жақсы нәтиже көрсеткенін айта кету керек. Боксты еркін меңгерген Талғат республикалық турнирлердің бірнеше мәрте чемпионы атанып, талай жарыстарда жүлдегер атанған. Ал, Мәдина самбо күресі бойынша 7 дүркін ел чемпионы атанса, байрақты бәсекелерден де биіктен көрінген. Мәселен, Азия ойындарында жүлделі І орын алса, әлем чемпионаттарында екі рет қолда жүлдегер атанған. Сонымен қатар, Еуразия турниріне қатысып, ІІ орынды да иеленген.

Спортшы ерлі-зайыптының осындай жемісті жетістіктері тәжірибе ретінде бүгінгі таңда өздерінің бапкерлік міндеттеріне үлкен көмегін тигізуде. Олар қазіргі уақытта Қарасай жерінде орналасқан «Үшқоңыр» спорт мектебінде жаттықтырушы ретінде қызмет етуде.

Талғаттың бапкерлік шеберлігі талай жылдар бойы бокспен айналысқан, аталмыш орталықтың басшысы Дәурен Төлегеннің былтыр облыстық чемпионатта жүлделі І орын алуына себебін тигізді десек артық айтқандық емес. Бұл да спорт мектебінің жемісті жетістіктерінің бірі десек болады. Осылайша ерлі-зайыпты бапкерлер спорт мектебінде жемісті еңбек етіп, шәкірттерін шыңдап, түрлі жарыстарға жас қарасайлықтарды баптап келеді.

Лаубаевтардың отбасылық жарыстардан да жақсы нәтиже көрсеткенін айта кеткен жөн. Олар 2020 жылы «Жас отбасы» атты сайыстың аудандық іріктеуінен сүрінбей өтіп, Талдықорған қаласында өткен облыстық байқауда жүлделі І орынға ие болды. Осылайша Қарасай ауданының атын Жетісу жеріне танытып, үлгілі отбасылардың біріне айналды.
Ұл-қыздары да спорттан құр алақан емес. Аналарының айтуынша, олар балабақшадағы және мектептегі жарыстардан қалмай, жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Спортшы ата-ананың ендігі арманы – балаларына жақсы тәрбие беріп, өздері жетпеген жетістікке жеткізу. Сонымен қатар, ұрпақтарының Олимпиада чемпионы атанса деген тілегі де бар.
Отбасылық құндылықты насихаттап, спорттық саланы жандандырып жүрген Лаубаевтар отбасы, міне, осындай. Тәуелсіздіктің құрдастары көп балалы ата-ана ретінде де көпке үлгі деп білеміз. Өнегелі өмірлері жақсы жағынан жалғасып, ұл-қыздарының жетістіктері еселеніп, елдің еңсесін биік ететін шәкірттері көбейе берсін!

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь