Фракция отырысында межелі міндеттер талқыланды

0
471

Аудан әкімі, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының төрағасы Жандарбек Далабаевтың төрағалығымен өткен бүгінгі Қарасай аудандық мәслихат жанындағы «Nur Otan» партиясының депутаттық фракция отырысында нақты мәселелер қаралып, оның шешімі бекітілді, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы.

Барлық санитарлық талап сақталған жиынға аудандық мәслихат депутаттары, яғни, фракция мүшелері қатысты.

Отырыс барысында күн тәртібі бойынша екі бірдей мәселе қаралды. Оның алғашқысы «Nur Otan» партиясы Қарасай аудандық филиалының 2021-2025 жылдарға арналған Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі «Жол картасын» талқылау» жайында болғандықтан, оған қатысты ақпаратты аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы Жеңіс Ноғайбайұлы жан-жақты жеткізді. Осы ретте баяндамашы «Жол картасының» жеті бағыты бойынша алдағы уақытта атқарылатын көптеген іс-шаралар қарастырылғанын айтып, бес жыл ішінде нақты 8 жоба жүзеге асырылатынын атап өтті.

Аталған бастамаларға қатысты аудан әкімі, аудандық партия филиалының төрағасы Жандарбек Ермекұлы өз пікірін білдіріп, жоба аясындағы істердің маңыздылығына да тоқталды. Мәселен, биыл құрылысы басталатын «Көкөзек» қосалқы станциясының маңызы зор екенін айтып, аудан басшысы талай өндіріс орындары Елтай ауылдық округінде орналасқандықтан бұл қосалқы станцияның осында салынуы да тегін еместігін алға тартты.

Фракция отырысындағы күн тәртібінің екінші мәселесі «Қарасай аудандық мәслихатындағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракция мүшелерінің жеке жұмыс жоспарын бекіту» туралы болды. Осыған байланысты халық қалаулыларының жауапкершілігімен атқарылатын істердің ретін фракция жетекшісі Қаныбек Айтжанов түсіндіріп, партияластарды белсенді жұмыс істеуге шақырды.

Осылайша жиында екі бірдей мәселе толығымен қаралып, депутаттардың қолдауымен шешім жобасы бекітілді. Алда талай межелі міндеттер тұрғанын айтқан аудан әкімі Жандарбек Далабаев бірігіп жұмыс атқарып, ауданның ахуалын арттыруға барынша күш салу қажеттігін жеткізді.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь