Елтайлық үміткерлер таныстырылды

0
427

Бүгін аудан әкімінің орынбасары Айдын Әуесбай Елтай ауылдық округі әкімдігінің ғимаратында жиын өткізіп, тұрғындарға аталмыш ауылдық округ әкімінің лауазымына лайықты деген үміткерлерді таныстырды, – деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымының тілшісі.

Таяуда, Елтай округі әкімінің қызметін атқарып келген Бекжан Абжан өз еркімен жұмыстан кетуіне байланысты аудандық сайлау комиссиясы аталмыш әкімдікке жаңадан сайлауды 2021 жылдың 24 мамырында тағайындау туралы шешім шығарған болатын. Осыған орай, бүгін аудан басшысының орынбасары кандидаттар қатарына іліккен үш азаматты елтайлықтарға таныстырды.

Айта кетейік, үміткерлер қатарында аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ескендір Егеубек, аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы Дармен Жапаров пен бүгінде Елтай ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Біржан Белғожин бар.

Басқосу барысында Айдын Әуесбайұлы жиналғандарға алдымен кандидаттардың барлығы дерлік талаптарға сай келетіндігін айтып, олардың өмірбаяны мен еңбек жолдары жайлы толықтай ақпарат берді.

Мұнан бөлек жиында елтайлық ерікті, «Ана мен бала» қайырымдылық мекемесінің директоры Әлия Сатпаева сөйлеп, үміткерлерге сәттілік тілей отырып, алдағы уақытта қай кандидат сайланса да округті көркейту мақсатында бірлесіп жұмыс атқару керектігін айтып, өз жағынан барынша көмек көрсететінін жеткізді. Сондай-ақ, тұрғындардың атынан Елтай ауылдық округі аналар алқасының төрайымы Салиқа Тойымбетова мен округтің ардагерлер кеңесінің төрағасының орынбасары Әзірбай Үркімбаев сөз алып, үміткерлерге сәттілік тілеп, қазіргі уақытта округ әкімінің міндетін атқарып жүрген Біржан Боранбайұлы осы лауазымда қалса деген өтініштерін де білдірді.

Аудан әкімінің орынбасары міндетті түрде олардың өтінішін аудандық мәслихат хатшысы мен аудан әкіміне жеткізетіндігін айта отырып, жиынды тәмәмдады.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь