Елтай округіндегі елеулі істер

0
87

Ағымдағы жылы  Елтай ауылдық округінде байыпты бастамалар жолға қойылып, тыңғылықты  істер атқарылатын болады, деп хабарлайды karasayinfo.kz  желілік басылымның тілшісі.

Мәселен,  биыл  Қаратөбе мен Көктоған ауылдарында медициналық пункт салу үшін жер телімі бөлініп, құжаттары заңдастырылып,  мемлекеттік акт алынды. Қазіргі таңда, құрылыс жұмыстарын бастау үшін қаражаттың бөлінуі күтілуде.  Ағымдағы жылға алға қойылған жоспарлардың легі мұнымен аяқталмайды. Округтегі білім мекемелерінің саны  артпақ. Анығын айтқанда, Жармұхамбет ауылында биыл 600 орындық жаңа орта мектеп бой көтеретін болады.  Аталған білім мекемесінің құрылысына қаржы бөлінуге ұсыныс берілді. Ал, Елтай ауылындағы білім ғимаратының жобалау-сметалық құжаттамасын дайындауды да ағымдағы жылдың екінші тоқсанында аяқтау жоспарланып отыр.

Мұнан бөлек осы жылы  инфрақұрылымды дамыту да назардан тыс қалған жоқ. Мәселен, ағымдағы жылы заман талабына сай жаңа Елтай ауылдық округі әкімдігі ғимараты құрылысының басталуы жоспарлануда. Нысанның  жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалуда. Жалпы, аталмыш округте аудандағы кәсіпорындардың басым бөлігі орналасқан. Осындай өнеркәсіп орындарының арқасында ауыл халқының көпшілігі мен басқа да округ тұрғындары жұмыспен қамтамасыз етілуде екенін де айта кеткен жөн. Елтай ауылдық округінде биыл қосымша жұмыс орындарының саны тағы артатын болады. Мысалы,  Исаев ауылындағы 30  адамды жұмыспен қамтитын «Агро-Финанс» ЖШС-нің көкөністер мен жемістерді сақтауға арналған қоймасы ашылмақ.  Мұнай өнімін  өңдеумен 2007 жылдан бері айналысатын  «АРСЕНАЛ» Холдингтік компания» ЖШС-і  2019 жылы Көкөзек ауылында өндіріс орынын ашқан болатын.  Ал, осы жылы тағы қосымша 20 адамға жұмыс орнын ашуға ниетті.

Сонымен қатар,  ағымдағы жылдың еншісінде Елтай ауылындағы Тәжібаев, Жармұхамбет ауылындағы Қонаев, Көкөзек ауылындағы Бәйтерек көшелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.

Бүгінде балалардың бос уақыттарын тиімді өткізіп, олардың арасында саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында ауданымыздың барлық округтерінде «Work Out» алаңдары ашылуда. Қолжетімді спортқа мүмкіндіктер беретін алаң Береке ауылындағы Бабаев пен Тамабаев көшелерінің қиылысында салынатын болады. «Work Out» алаңымен қатар жанында округ тұрғындарының жақсы демалысы үшін саябақ құрылысының ашылуы да жоспарлануда. Жұмыс жоспарына сәйкес, бұл спорттық жабдықтары бар алаң жергілікті тұрғындардың игілігіне осы жылы берілмек.

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь