Елтай мен Жармұхамбет ауылдарында жаңа мектеп салынады  

0
190

Бүгінгі аудан әкімі Жандарбек Далабаевтың онлайн форматтағы Елтай ауылдық округінің тұрғындарымен есептік кездесуі барысында биыл Елтай мен Жармұхамбет ауылдарында жаңа мектеп салынатыны айтылды, деп хабарлайды  karasayinfo.kz  желілік басылымы.

Игі бастамалардың тағы бірі – алдағы уақытта автомобиль жолдарын ретке келтіру. Анығын айтқанда, өткен жылы округ бойынша төрт көшеге жөндеу жұмыстары  жүргізілсе, биыл Елтайдағы Тәжібаев, Жармұхамбеттегі  Қонаев, Көкөзектегі Бәйтерек көшелерін ретке келтіру  жоспарда бар.  Ал, Қаратөбе мен Көктоған ауылдарында модульді медициналық пункт салу үшін жер телімі бөлініп, құжаттары заңдастырылып,  мемлекеттік акт алынды. Қазіргі таңда, құрылыс жұмыстарын бастау үшін қаражат бөлінуі күтілуде. Сонымен  бірге, аталған округтегі кәсіпорындардың қатары ағымдағы жылы Исаев ауылындағы 30  адамды жұмыспен қамтитын «Агро-Финанс» ЖШС көкөністер мен жемістерді сақтауға арналған қоймасымен  тағы толығатын болады. Жалпы алғанда бұл жиын ерекше деңгейде өткендегін айта кеткен жөн. Өйткені,  ауыл халқы тікелей эфир арқылы тек сұрақтар қана қоймай, жергілікті атқарушы органдардың еңбегін бағалап, алғыстарын білдіріп жатты. Дегенмен тіршілік болған жерде әлеуметтік мәселелердің туындауы заңдылық. Әсіресе, сауалдар жолдау бойынша қаратөбеліктер мен көкөзектіктер ең белсенді болды. Қашықтықтан өткен жиында Қаратөбе ауылының тұрғындары тарапынан  ауыз су ағынының баяулығы, қаңғыбас иттердің көптігі сынды мәселелер сөз болды. Ал, Көкөзек ауылының халқы электр бағандары мен көлік жолдарының басым бөлігі ескіргендігі, тағы сол  судың тапшылығы, «Almaty Tannery» ЖШС тері өңдейтін зауытынан шығатын  жағымсыз иістің кері әсері болу мүмкіндігі жайлы жазды. Оған қоса, Іле ауданына өтетін ірі көшенің бірі саналатын осы ауылдағы Шабалова көшесіне қауіпсіздік үшін жылдамдықты азайтатын жол белгілерін орнатып беруді өтінді. Жоғарыда айтылған мәселелерден бөлек, 81 нөмірлі автобустың маршруты Көкөзекке дейін бағыталса деген ұсыныс та болды. Аудан басшысы тұрғындар  көтерілген әлеуметтік мәселелерге қай уақытта нақтылы шешілетінін білу үшін осы округті қызмет ететін коммуналдық мекемелердің өкілдерімен кездесу өткізуді ұйымдастыру қажеттілігін көтерді. Ал, автомобиль жолдарына қатысты  округ басшысы Бекжан Абжан  аталған көшелердің кейбірін қалыпқа келтіру бойынша қаражатқа сұраныс хат жолданғанын, алдымен әлеуметтік нысанға апаратын және бұрынғы орталықтағы, одан кейін жаңа құрылыста пайда болған көшелердің жөнделетіндігін айтты. Алдағы уақытта жоғарыда көрсетілген автобус маршрутын да аудандағы жауапты бөлім Алматы қаласының автопаркімен талқылайтын болады. Тері зауытындағы жағымсыз иіске қатысты бұған дейінде шағым жергілікті әкімдікке келіп түскен. Оның негізінде комиссия құрылып аталған өндіріс орнынан тексеру жүргізіліп, нәтижесінде шығып жатқан иістің адам денсаулығына ешқандай зияны жоқтығы анықталған.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь