Депутаттар жәрдемақы мен зейнетақыны арттыру мәселесін көтерді

0
537

Қазақстан халық партиясының мәжілістегі фракциясы жәрдемақы мен зейнетақы мөлшерін көтеруді талап етті, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.

Депутат Ерлан Смайыловтың айтуынша, келесі жылдан бастап ең төменгі жалақы қазіргі 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге, яғни, 41 процентке өседі. Ал зейнетақы мен жәрдемақы 5 процентке ғана көтеріледі.

– Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедектігі бар адамдардың, бір жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты үйде отырған аналардың, көпбалалы отбасылардың жәрдемақысын, сонымен қатар ең төменгі зейнетақыны ұлғайту мәселесін қарастырып жатқан жоқ. 2022-2024 жылдарға арналған бюджет жобасында министрлік әлеуметтік жәрдемақының барлық түрін 2022 жылдың 1 қаңтардан бастап 5 процентке арттыруды жоспарлап отыр. Бірақ бұл көлем инфляцияның статистикалық өсімі түгілі, азық-түлік пен киімнің, түрлі қызметтер мен тариф бағасының шығынын жаппайды, – деді Е.Смайылов мәжілістің жалпы отырысында.

Осы орайда депутат жәрдемақылардың көлемін де атап өтті. Мәселен, мүгедектік бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының мөлшері I топ үшін 69 155 теңге, II топ үшін 55 108 теңге, III топ үшін 37 459 теңге құрайды. Бала бір жасқа толғанға дейін күтіміне ай сайын бірінші балаға – 17 643 теңге, екінші балаға – 20 860 теңге, үшінші балаға – 24 045 теңге, төртінші және одан көп балаға – 27 261 теңге төленеді.

– Жәрдемақы мен зейнетақының мөлшері ел азаматтарының нақты қажеттілігіне сай келмейтінін және олардың сапалы өмір сүру деңгейін қамтамасыз ете алмайтынын көрсетіп отыр. Бұл ретте еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қазақстандықтардың мүддесіне сай келмейтін ұстанымда отырғаны алаңдатады, –  деп атап көрсетті Смайылов.

Сонымен қатар, фракция депутаттары әлеуметтік төлемге басымдық беруден адам капиталына инвестиция салу тұжырымдамасына көшу қажеттігін ерекше атап өтті.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь