Чемпион Альберт Түменов Қарасайға келді

0
3561

Ресейлік спортшы, аралас жекпе-жектің чемпионы Альберт Түменов қазақ жұртшылығына алғысын білдірді, деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымның тілшісі.

«Қазақ елін екінші Отаным» деп аралас жекпе-жектің шаршы алаңында айтқан Альберт Түменов бүгін Қарасай жеріне арнайы келді. Естеріңізде болса, ресейлік спортшы өткен жылдың қараша айында елімізде өткен «ASA» турнирінде қарсыласын уақытынан бұрын жеңіп, чемпиондық белбеуін Қазақстанға сыйға тартам деп көпшілікке жария еткен болатын. Альберттің аманатын арқалаған жерлестері өткен айда Шамалған ауылындағы «Атамекен» тарихи-мәдени орталығына арнайы келіп, аудан әкімі Жандарбек Далабаевтың қатысуымен өткен кездесуде спортшының чемпиондық белбеуін осы орталыққа табыстаған болатын. Бүгін, міне, спортшы Альберт Хусейнұлы аталған мәдени ордаға өзі келіп, тарту еткен сыйының қаншалықты қымбат екенін және осы өңірге тарту етуінің өзіндік мәні барын ашып айтты.

«Атамекен» тарихи-мәдени орталығы алғашқы қонақтарын қашанда ыстық ықылыспен қарсы алуды ұмыт қалдырған емес. Бүгін де орталықтың ұжымы біз айтқан чемпион Альберт пен Қарашай-балқар мәдени орталығының төрайымы Людмила Хочиева бастаған бірқатар балқар ұлтының өкілдерін қазақтың салт-дәстүріне сай күтіп алып, құрмет көрсетті. Мәртебелі меймандар тарихи мекемені аралау барысында Елбасына қатысты тың ақпаратпен және маңызды жәдігер-естеліктермен танысты. Кейін Альберт Түменов өзі сыйға тартқан чемпиондық белбеуі жайлы азды-кем ойын білдіріп, спорттық жолындағы мақсат-жоспарымен бөлісті.

Спортшының тартуын құрметтеген «Атамекен» тарихи-мәдени орталығының ғылыми қызметкері Қыдыр Нұрғожа қонақтарға ізгі тілегін білдіріп, орталықтың атынан Алғыс хат пен Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығымен құттықтай келе, «Елбасы және халық» атты кітаптарды тарту етті. Өз кезегінде Альберттің әкесі әрі жеке бапкері Хусейн Туменов те құр қол қелмегенін айтып, алғысын жеткізіп, орталыққа балқардың ұлттық киімін сыйлады.

Альберт Хусейнұлы аталмыш орталықтан шыққан соң, жақын маңда орналасқан «Úshqońyr» спорт кешеніне де арнайы барды. Чемпионды орталық басшысы Дәурен Төлеген ыстық ықыласпен қарсы алып, жаттығу залдарымен таныстырды. Альбертті ерекше күткен спорт мектебінің ұжымы мен жасөспірімдер конференция залында онымен жүздесіп, көптеген сұрақтарын қойып, ашық әңгімелесті. Өз кезегінде ауылдық округтің әкімі Ержас Тоқтасынов сөз алып, спортшының өзіне және жеке бапкері болып саналатын әкесіне қазақтың шапанын жауып, сыйластық танытты.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь