​Қарасай ауданы бойынша қазір үш Ұлы Отан соғысының ардагері Жеңістің 76 жылдығына аман-есен жетіп отыр. Солардың бірі – Ыдырысов Чайке қария. Осы айда 96 жасқа толған ақсақал бүгінде сыртқа көп шықпайды. Өйткені, сонау соғыстың жүрекке салған салмағы әлі күнге ауыр, әрі ыстыққа да, суыққа да төзіп, қанды шайқаста да, қарқынды еңбекте де бар күш-қайратын аянбай жұмсағандықтан, сондай-ақ, қарттығы «қамауға» алғандықтан әр-әр жері ауырады, таяққа сүйеніп жүреді. Дегенмен, құрметтеп үйіне келіп сәлем бергендер мен немере-шөберелеріне асықпай айтатын әсерлі әңгімесі жетіп артылады. Себебі, ойындағы отты күндер мен көңіліндегі көп игі істер көмескі тартпаған, басынан кешкенінің бәрін ескіртпей есіне алады… Чайке атамыз 1925 жылы 5 мамырда Қаскелең (қазіргі Қарасай) ауданындағы Еңбекші ауылында туған екен. 1942 жылы наурыз айында комсомолға өтеді, ал тура бір жылдан соң әскери комиссариаттан шақырту келеді. Мұнан кейін Петропавл қаласында үш ай айлық дайындықтан өтісімен, неміс фашистерімен соғысқа жіберілген. Аласапыранға толы ауыр жорық жолдары жас жігітті Могилев, Житомир қалаларына дейін апарып, 1943 жылы қазан айында Минск қаласының түбіндегі бір айқаста жараланған. 1944 жылы наурызда Удмуртиядағы Кизнер стансасындағы госпитальдан шығып, қан майданға қайта оралған. Содан Брянск қаласы, Литва, Шығыс Пруссия, Румыния, Кенисбергтегі соғыстарға қатысқан. 1945 жылы ақпан айында ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен наградталған. Бейбіт еңбекте де (құрылысшы) берекелі ісімен танылған ардақты атамыз енді кеудесіне «Еңбек Қызыл ту» орденін жарқырата тағыпты. Бір қызығы, Чайке атамыз жайлы алдыңғы қатарлы еңбеккер ретіндегі​ сол кездегі одақтық​ «Труд» газетіне және «Сельский строитель»​ журналына мақалалар​ шығыпты. Марқұм кемпірі Күпан әже Кемпірекқызы екеуі үш ұл, екі қызды жақсы адам етіп өсірген. Олардан 12 немере, 20 шөбере көрді. Міне, сұрапыл соғыста «гаубица» дейтін зеңбіректің оқтаушысы болған, кейіннен шаруашылықта алдымен жылқы баққан, онан соң құрылысшы ретінде көп жұмыс тындырған майдангер қарт осындай жан. Жасай беріңіз, Чайке ата!

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь