Балалардың әл-ауқатын арттыру – басты назарда

0
101

Бүгінгі балалардың мерейлі мерекесі қарсаңында «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Гүлнәр Тойлыбаева ауданымызға арнайы келіп, Қаскелеңде орналасқан ерекше қабілетті балалар тәрбиеленетін білім нысандарын аралады, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымның тілшісі.

Облыстық партия төрағасының бірінші орынбасары Гүлнәр Қожағұлқызы алдымен «Rakhym» мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау орталығының жұмыс барысымен танысты. Партия өкілімен бірге аталмыш білім мекемесіне Алматы облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Маржан Мұрат, сондай-ақ, «Nur Otan» партиясы Қарасай аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қаныбек Айтжанов және аудан әкімінің орынбасары Күлжан Дүйсенова да арнайы келді. Оларды орталықтың жетекшісі Раушан Байтанова ерекше күтіп алып, алда атқарылатын жұмыс барысына қысқаша тоқталды. Сөз арасында ерекше қабілетті балалар тәрбиеленетін мұндай білім ошағының аясы кеңейіп, Панфилов және Жамбыл аудандарында ашылғанын тілге тиек етті.

Құрметті қонақтар әлеуметтік нысанның негізгі мақсатымен таныс болып, балалардың жағдайын жақсартуға арналған орталықтың бөлмелерін аралады. Ондағы ерекшеліктерді әдіскер Гүлнәр Азатқызы жан-жақты жеткізіп, әрбірінің атқаратын қызметтерін толықтай түсіндірді. Алты топта білім алатын тәрбиеленушілердің түрлі жаттығумен айналысатынын, жылқымен жүру арқылы емдеу әдістерін көрсетіп, спорттық алаңдағы балалардың жаттығу барысына да тоқталды.

«Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Гүлнәр Тойлыбаева бастаған қадірлі меймандар орталықтың жай-күйін танып білген соң, ұжымның арнайы ұйымдастарған 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған мерекелік шараға қатысты. Санитарлық талапқа сай өткізілген концерттік бағдарламада балалар өнерлерін ортаға салып, көрермен қауымның қошеметіне бөленді. Мерекелік басқосуда қазақтың салт-дәстүрі жаңғырып, қонақтардың қатысуымен Сымбат есімді бүлдіршіннің тұсауы да кесілді. Игі шарада Алматы облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы М.Мұрат мекеменің ұжымы мен бүлдіршіндерге деген ақ тілегін білдірсе,  облыстық партия төрағасының бірінші орынбасары Г.Тойлыбаева өз атынан орталықтың жетекшісі Раушан Бүркітбайқызына партияның «Бақытты отбасы», «Кедергісіз келешек» жобалары аясында атқарылып жатқан істерін жоғары бағалап, «Алғыс хат» берді. Сонымен қатар, партия өкілі облыстық мәслихаттың депутаты Жанна Жазықбаеваның айтқан ақ тілегіне қосылып, өздерінің дайындаған балаларға деген базарлықтарын таратып, мерейлік мерекелерімен құттықтады.

Дәл осындай жүрекжарды ықыласын «Анаға құрмет» музейінің директоры Аршагүл Тойбаева да жеткізді. Екі орталықтың өзара ынтымақтастығы жоғары екенін айтып, Раушан Бүркітбайқызына муражайдың атынан төсбелгі табыстады. Мерекелік шараның соңы ән-биге ұласып, белгілі композитор Ербол Спаналиевтің орындауындағы «Ауыл кеші» әнімен аяқталды.

«Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Гүлнәр Тойлыбаеваның іс сапары «Rahym» мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау орталығынан кейін Қаскелеңдегі облыстық зерде бұзылыстары бар балаларға арналған арнайы мектеп-интернатында жалғасты. Мемлекеттік мекеменің білім жүйесіндегі негізгі қызметтерін оның басшысы Анар Рахышова түсіндіріп, әлеуметтік нысанның қазіргі жағдайымен таныстырды. Өз кезегінде партия өкілі Гүлнәр Қожағұлқызы білім ордасының жай-жапсарына қатысты кейбір мәселелерге тоқталып, партияның «Бақытты отбасы» жобасы аясында атқарылатын бірқатар істерді сөз етті. Сонымен қатар, осындай ерекше білімді қажет ететін балаларды тәрбиелейтін орталықтармен семинарлар жұмысын қолға алу жағын да айтты.

Осылайша облыстық партия төрағасының бірінші орынбасары Гүлнәр Тойлыбаева балалардың мерекесі аясында екі бірдей орталықтың жұмысымен танысты. Олардың жұмысы одан әрі жандану үшін «Nur Otan» партиясы қашанда ықпал етуге дайын екенін айтып, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь