Қазақстандық Сәуле Есенбекова соңғы 16 жыл ішінде 150 адамның өмірін құтқарған

0
269

Қарағандыда тұратын Сәуле Есенбекова донор орталығына қан тапсыру арқылы соңғы 16 жыл ішінде 150 адамның өмірін құтқарған, – деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы.

– Керек кезде облыстық қан орталығының мамандары қоңырау шалады. Бірден келіп қан тапсырамын. Жуырда ғана бір оқиға болды. Перзентханада ауыр босанған ананың бірі қансырап қалған. Дереу жетіп, көмек бердім. Мен ол әйелді танымаймын. Бірақ, қиналғанда қол ұшын созу – азаматтық парызым. Біреуге өмір сыйласам, бойым жеңілдеп, ләззат аламын, – деді донор Сәуле Есенбекова.

Сәуле Есенбекова 16 жыл ішінде 64 литр қан тапсырып, 150 адамның өмірін құтқарып қалған. Соған қарамастан, 55 жастағы келіншек өзін сергек, жақсы сезінеді. Донордың қан тобы – I. Мамандар ондай қан тобын кез келген адамға құюға болатынын айтады.

– Кейде өмір мен өлімнің арасында жатқан науқасқа шұғыл қан қажет болады. Сондай қысылтаяң кезде бізді үнемі қолдайтын санаулы адамның бірі – осы Сәуле. Ол бұл қайырымдылығы үшін бар болғаны 729 теңгемен жұмыстан босату жөніндегі анықтама алады. Соған қарамастан, елгезек жан біздің өтінішімізді ешқашан жерге тастаған емес, – дейді Донорларды жинақтау бөлімшесінің жетекшісі Оксана Чернышева.

Сәуле Есенбекова қазір екі баласынан немере сүйіп отырған бақытты әже. Жуырда ол «Құрметті донор» атағымен марапатталған.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь