Аудан әкімі соғыс ардагеріне құрмет көрсетті

0
144

Ұлы мерекеге орай бүгін аудан әкімі Жандарбек Далабаев Ұлы Отан соғысының ардагері Чайке Ыдырысов ақсақалдың отбасына барып, майдангерді Жеңіс күні мерекесімен құттықтады, – деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы.

Жылдар жылжыған сайын от пен оққа кеудесін тосып, Отан қорғаған ардагерлер де қалмай барады. Биылдың өзінде Қарасай ауданында сондай батыр аталарымыздан үшеу ғана қалды. Бүгін қазақ халқы үшін ең маңызды мерекелерінің бірі Ұлы Жеңістің 76 жылдығына орай аудан әкімі сол бір соғысқа қатысып, ерлік көрсеткен ардагердің бірі – Ыдырысов Чайкенің атамыздың үйіне арнайы барып, құрмет көрсетіп қайтты.

Сұрапыл соғыстағы майдангерлердің көрсеткен жаужүрек ерліктеріне бүгінгі ұрпақ бас иетінін айта отырып, бізге бейбіт өмір сыйлаған қарт жауынгерге алғысын білдірді. Сонымен қатар, жеңісті жақындатқан жанға сый-сияпат көрсетіп, облыс әкімі Амандық Баталовтың атынан құттықтау хатын табыстады. Өз кезегінде майдангер ата кездесу барысында елеп-ескеріп келген әкімге ризашылығын білдіре отырып, өзінің ақ батасын берді.

1942 жылы қан майданға аттанған Чайке Ыдырысов Могилев, Житомир, Брянск қаласы, Литва, Шығыс Пруссия, Румыния, Кенисберг, Кизнер сияқты көптеген қалаларда соғысып, бірнеше рет жарақаттанған. Бірақ та, соған да қарамастан соғыс біткеннен кейінде әскерде қызмет етіп, елге тек 1948 жылы оралған. Көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» ордені сияқты бірнеше медальдармен марапатталған.

Елінде де берекелі ісімен танылған ардагер атамыз марқұм жұбайы Күпан әжейен бірге үш ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген. Бүгінде оның балаларынан тараған 12 немересі мен 20 шөбересі бар.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь