Аудан әкімі онлайн түрде алғашқы есептік кездесуін өткізді

0
572

Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев бүгін Шамалған ауылдық округінің халқымен онлайн есептік кездесу өткізді, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымның тілшісі.

Жыл басынан бастап әр өңір басшыларының жұмысы халық алдында есеп беру кездесулерінен басталатыны белгілі. Аудан әкімі Жандарбек Далабаевтың биылғы жұртшылықпен жүздесуі бұрынғыдан өзгерек бағытта өткізілу жоспарлануда. Анығын айтқанда, коронавирус індетін алдын алу мақсатында және халықтың қауіпсіздігі үшін аудан басшысы қала және ауылдық округтердің тұрғындарымен онлайн түрде кездесетін болады.

Жандарбек Ермекұлының бүгінгі өткізген алғашқы есебін Шамалған ауылдық округінің халқы тыңдады. Аудан әкімі инстаграм желісінде «Қарасай аудандық әкімдік» пен аталған округтің әкімі Ержас Тоқтасыновтың «жеке парақшасы» арқылы тікелей байланыс орнатып, өткен жылы атқарылған жұмыстар жайында кеңінен баяндады. Барлық санитарлық талаптар ескеріліп онлайн жиынға Ж.Далабаевтың орынбасарлары, бірқатар жауапты бөлім басшылары және аудандық мәслихат депутаттары қатысып отырды.

Күн тәртібінде алдымен Шамалған ауылдық округінің әкімі Ержас Тоқтасыновтың, одан кейін аудан әкімі Жандарбек Далабаевтың 2020 жылдағы округ пен ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайы және даму перспективалары туралы баяндамалар оқылды. Атқарылған жұмыстар жайлы ақпараттар айтылып болған соң, тікелей эфир арқылы жолданған тұрғындардың көптеген сұрақтары жан-жақты талқыланды.

Шамалғандықтардың тарапынан газ бағасының қымбатшылығына және оның төлемін онлайн түрде жүзеге асыруға қатысты сұрақтар қойылды. Ауыл әкімі Ержас Серғазыұлы бұл қызметке «СИГМА-ГАЗ» ЖШС жауапты екенін айтып, өткен жылы мекеменің басшылығында өзгерістер орын алғанын алға тартып, тариф көрсеткіші былтырғыдан қарағанда едәуір төмендегенін жеткізді. Сонымен қатар, ол алдағы уақытта да тұрғындардың өтініштері негізінде аталған мекемемен келіссөздер жүргізілетінін жеткізді. Ал, аудан әкімі Жандарбек Далабаев пайдаланылған қызметтің онлайн төлемін жүзеге асыру жағын өзінің орынбасары Айдын Әуесбайға жүктеді.

Ауыл тұрғындары Қарасай батыр көшесінің бойында түнгі жарықтың жетіспеуі туралы сауалдарын да қойды. Өз кезегінде ауыл әкімі бұл мәселе басты назарда екенін айтып, ағымдағы жылдың көктем айларында бағаналар орнатылып, жұмыс жүргізілетінін айтты. Дәл сол сияқты Бөгенбай батыр, Домалақ ана көшелеріндегі жарықтар да сөз болды. Оған қатысты ауыл басшысы жауапты бөлімге сұраныс хат жіберілгенін және тұрғындардың өтініші ескерілетінін жеткізді.

Сонымен қатар, тікелей эфирде ауылдың кейбір жерінде интернеттің әлсіздігі де айтылды. Ержас Тоқтасынов оның шешімін «Altel 4G» операторымен байланыстырып, оның құрылғысы жақын уақытта Әлжан ана мен Бөгенбай батыр көшелерінің қиылысында орнатылатынын түсіндірді.

Есептік кездесу соңында аудан әкімі Жандарбек Далабаев Шамалған ауылының көркеюіне қатысты бірнеше жұмыстар жоспарда тұрғанын айтып, жақсы жаңалықтарымен бөлісті. Оның ішінде Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында жақсы жобалар жүзеге асырылып, «Үшқоңыр» спорт кешеніне қарама-қарсы немесе осы спорт мектебі мен «Атамекен» тарихи-мәдени орталығының арасында Тұңғыш Президент саябағын салу бар.

Аудан әкімі есептік кездесуден кейін «ZOOM» платформасы арқылы азаматтық қабылдау өткізіп, бірқатар шамалғандықтардың өтініштерін тыңдады. Онда ауыз су, жарық және жол жөндеу жұмыстарына қатысты мәселелер талқыланды. Жандарбек Ермекұлы барлық сұрақтар бойынша жақын арада тиісті жауап берілетінін айтып, оны шешу үшін орынбасарларына тиісті тапсырмалар жүктеді.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь