Ата аманатын арқалағандар ақын жайлы сыр шертті

0
462

Жыр алыбы атанған Жамбылдың мол мұрасын оқырман қауымға насихаттау мақсатында бүгін аудандық орталық кітапхана ұжымы «Ата аманатына адалдық» атты кездесу кешін өткізді, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымның тілшісі.

Әдеби іс-шараға ақынның Әлімқұл атты немересінен тараған Мұратхан, Бекмұрат атты шөберелері мен Жамбыл бабамыздың аталас ұрпағы, Әйтей ауылының тұрғыны Нұрдәулет Жолшиев арнайы шақырылды.

Дәл сол сияқты құрметті қонақтардың қатарында Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, айтыскер ақын, Жамбылдың сүйікті шәкірті Үмбетәлі Кәрібаевтың әрі осы ақынның атымен аталатын музейдің басшысы Әуелбек Ысқақов да болды.

Дархан даланың данасына арналған рухани кеш барысында жыр дүлділінің аталас ұрпағы Нұрдәулет Жолшиев пен Ж.Жабаевтың немерелерінің бірі Мұратхан Әлімқұлұлы Жамбыл атамызға қатысты ескірмейтін естеліктерімен бөлісіп, толғамды ойларын ортаға салды. Ал, өз кезегінде ақынның немересі Бекмұрат Жамбылов қара өлеңнің алыбы атанған бабамыздың мақамымен 1943 жылғы айтысынан үзінді орындап, Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса» атты күйімен де көпшілікті керемет әсерге бөледі.

Поэзиялық басқосуда жыр алыбының өлеңдері оқылып, ұрпақтарына оқырман тарапынан түрлі сауалдар да қойылды. Ғибратты кешке Қаскелең мәдениет колледжінің өнерлі студенттері де белсенділік танытып, жырдан шашу шашып, күмбірлете күй тартты.

Сонымен қатар, ғасыр ақыны жайлы Қарасай аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Шара Қанатқұлқызы мен ҚР білім беру саласының үздігі Ақлима Көсемова сынды ардагер ұстаздар танымдық ой-пікірлерін білдірді.

«Орамал тон болмайды, жол болады» дегендей, кеш барысында аудандық орталық кітапхананың басшысы Ұлдархан Өтеева оқырмандар үшін Жамбыл Жабаевтың шығармашылығы ерекше екенін айтып, қадірлі қонақтарға ризашылығын білдіре келе, ұжымның атынан сый-сияпаттарды табыс етті.

Бұл кездесудің соңы Үмбетәлі Кәрібаев атындағы музей директоры Әуелбек Мұсаханұлының фотокөрмесіне ұласты. Қылқаламның шебері ақынға қатысты өз туындыларынан сыр шертіп, Жамбыл бабаның мерейтойы қарсаңында 40-тан астам картинаны жинақтап жатқанын жеткізді.

 

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь