Атқарылған істер талқыланып, нақты міндеттер қойылды

0
170

«Nur Otan» партиясының «2021-2025 жылдарға арналған Сайлауалды бағдарламасын» сапалы орындау үшін арнайы дайындалған Жол картасында Алматы облысында 113 іс-шара жоспарланып, әлеуметтік-экономикалық басты салалардың бәрі қамтылған 24 индикаторға қол жеткізу көзделген. Жалпы аталған шараларға 2,6 трлн. теңге қарастырылған. Бұл туралы кеше облыстық партия филиалының ХХVIIІ есеп беру-сайлау конференциясында облыс әкімі, «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы Амандық Баталов айтты, — деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Конференцияда баяндама жасаған партия филиалының төрағасы партияның Алматы облыстық филиалының жұмысы, облыстың даму бағыттары Елбасының «Сенім. Диалог.Болашаққа нық қадам» — жаңғыру бағдарламасы аясында және Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасына сәйкес жүргізіліп, әр салада үлкен жетістіктерге қол жеткізілгенін атап өтті.

–  Қарабұлақ ауылындағы және Алакөл ауданындағы қант зауыттарын қалпына келтіруге талпыныс жасап жатырмыз. Өткен аптада мен осы мәселеге байланысты инвесторлармен, атап айтқанда Халық банкінің өкілдерімен сөйлестім. Олар осы іске қаржы салуға ынта білдіріп отыр. Қазір бұл мәселемен менің орынбасарым Серік Тұрдалиев пен «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы айналысып жатыр. Бұл мәселе шешілсе, қант өндіру көлемін едәуір ұлғайта аламыз, — деді А. Баталов.

«Кәсіпкерлікті дамыту» бойынша шағын және орта бизнестің өңірлік жалпы өнімдегі үлесін 2025 жылға қарай 37,8% жеткізу көзделген. Осы межеге жету үшін «Бизнестің жол картасы», «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары бойынша 250 кәсіпкерге көмек көрсетіліп, «Еңбек» бағдарламасы бойынша 2 мыңнан астам адамға микрокредиттер мен гранттар беріледі.

«Өмір сүру сапасын арттыру» шеңберінде 2021-2025 жылдары облыста 5,4 млн. шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған, соның ішінде 1 млн. шаршы метрі «Нұрлы Жер» бағдарламасы бойынша салынады. Сол сияқты «7-20-25» және басқа да бағдарламалардың үлесі зор.

Жол сапасын жақсарту да — сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі. Бұл бағытта 4 мың шақырымнан астам жол жөндеудің барлық түрімен қамтылып, соның есебінен 118 ауылдың жолы жақсарады. Сол сияқты медициналық қызмет көрсету, білім беру салаларын да жетілдіру қарастырылған.

Амандық Ғаббасұлының айтуынша, 2019-2020 жылғы жоспарға сәйкес облыс көлемінде партияның «Кедергісіз келешек», «Ардагерлерді ардақтайық», «Бақытты отбасы» және «Жастар Отанға» жобалары аясында 1,2 млн. адамның қатысуымен үш мыңға жуық іс-шара ұйымдастырылды.

Жиын соңында партия филиалының төрағасы 2021 жылдың екінші жарты жылдығында ауылдық округ әкімдерінің сайлау өтетінін атап өтті. Сондай-ақ партия ұйымы мен мүшелерінің алдына Сайлауалды бағдарламаны іске асыру жөніндегі Жол картасында көзделген нысандардың уақытылы және сапалы орындауды, тапсырды.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь