Қарасайлық қызғалдақтар құрметке бөленді

0
229

Ауданымызда нәзік жандылардың құрметіне санитарлық талапқа сай мерекелік концерт өткізілді, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымның тілшісі.

Ерке көктем көңілді мезетімен алғашқы күнінен-ақ барша адамзатты ризашылыққа бөлеп, жақсылыққа жетелейтіні рас. Мейіріміне қандыратын бұл мезгілдегі тағы бір айрықша күндердің бірі – 8 наурызда аталып өтілетін нәзік жандылардың айтулы мейрамы.

Мерейлі мереке біздің ауданымызда да тамаша салтанатты кешпен басталды. Бүгін қарасайлық қызғалдақтардың құрметіне орай, барлық санитарлық талаптардың сақталуымен аудандық Мәдениет үйінде  «Ана – өмірдің гүлі» атты тамаша концерт ұйымдастырылды.

Мерекелік жиынға аудан әкімі Жандарбек Далабаев арнайы қатысып, жүрекжарды ақ тілегін білдіріп, барша қарасайлық әйелдер қауымын мерекелерімен шын жүректен құттықтады. Жандарбек Ермекұлы өз сөзінде қандай қызметте болса да іскер басшы атанып, білікті маман ретінде ілгері іс атқарып жүрген ауданның нәзік жандыларының қоғамда алар орны ерекше екенін айтып, оларға деген алғыстар мен жылы сөздердің толассыз екенін жеткізді.

Мерекелік құттықтау сөзінен кейін аудан басшысы түрлі салада ерен еңбек етіп, өңірдің әлеуетін арттыру жолында тынбай табандылық танытып жүрген бірқатар саланың білікті мамандарын марапаттап, өз атынан Құрмет грамоталар мен Алғыс хаттарды табыс етті.

Сұлулықтың символына айналған ардақты жандарға арналған бұл салтанатты кеш, бұрынғыдан өзгерек десек болады. Бір жағынан санитарлық талапқа сай өтсе, екінші жағынан ән-биге ұласқан мерекелік жиын да ерекше. Иә, концерттік бағдарламаның барысы театрланған қойылымға негізделіп, жиналған көпшіліктің көкейіне мейірімділік, жанашырлық, ғашықтық сезімдерді ұялатты. Аудан өнерпаздары орындаған «Гүл сыйлайық әйелге» атты ән айтылғанда жиынға келген барша қарасайлық аяулы жандарға әдемі қызғалдақ гүлдер ұсынылып, көңілді кешті одан әрі әсерлей түсті.

Мерекелік кештің әдемі нүктесін қойған «Қалбибі» өнер студиясының шәкірттері әуезді хормен көпшілікті тамаша көңіл-күйге бөледі. Жас өнерпаздар «Асыл ана, ғасыр әже» әнін шырқап, осылайша залға жиналған барша әйелдер қауымына алғыстарын білдірді.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь