Қарасайлық этнос өкілдері жеңімпаз атанды

0
596

«Мен қазақша сөйлеймін» акциясында қарасайлық оқушылар жеңімпаз атанды, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында әлеуметтік желі арқылы да түрлі іс-шаралар атқарылып келеді. Жақында осындай бастаманың бірін ҚР Білім және ғылым министрлігінің Тіл саясаты комитеті ұйымдастырды.

«Мен қазақша сөйлеймін» деп аталатын республикалық акцияға еліміздегі барлық этнос өкілдерінің қатысуына мүмкіндік берілді. Оларға қойылатын басты талап – Facebook, Instagram, YouTube сияқты әлеуметтік желілерде екі минуттан аспайтын өздері таңдаған ақынның туған жер, ел туралы өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқып, #менқазақшасөйлеймін2021 хештегімен әлеуметтік желілерде кеңінен тарату. Қатысушылар санына шектеу қойылмады.

Шараға республика бойынша 22 этнос өкілдерінен тұратын 326 адам қатысып, бақтарын сынады. Олардың арасында Алматы, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласынан қатысқан үміткерлер саны көп болды.

Өнерлері әлеуметтік желі арқылы сыналған қатысушылардың арасынан Қаскелеңдегі А.Пушкин атындағы орта мектебінің 7 сынып оқушылары жүлдегерлердің қатарынан көрінді. Нақты айтқанда, лүпіл санын көп жинаған Луиза Шарипова М.Мақатаевтың «Туған жерге» деген өлеңін оқып бас жүлденің иесі атанды. Ал, Инара Ибрагимова Қ.Аманжоловтың «Туған жер» атты шығармасымен І орынға лайық деп танылды.

Аудан мақтаныштары ҚР Білім және ғылым министрлігі Тіл саясатының арнайы дипломдарымен марапатталды. Жеңімпаздардың жүлдегер атануымен біз де құттықтаймыз! Өнерлері үстем болсын!

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь