«Қарасай жастары» театры Талдықорған төрінде  

0
1075

Кеше облыс орталығы  Талдықорған қаласындағы Сүйінбай атындағы  Алматы облыстық  филармониясында Қарасай аудандық мәдениет үйінің жанынан құрылған «Қарасай жастары» театры Бақыт Беделханұлының «Рух жыры» поэмасының желісі бойынша, «Жүректің көзі ашылса…» атты поэтикалық драмасына арналған  бұқаралық ақпарат құралдарымен кездесу өтті, деп хабарлайды  karasayinfo.kz  желілік басылымы.

Баспасөз жиынына Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысының орынбасары Әлия Жакыпбекова, Қарасай аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы  Күлжан Дүйсенова, «Қарасай жастары» театрының жетекшісі Елікбай Сержан  театр әлемі жайлы, оның ауданда ашылуының мәні мен мағынасы туралы ойларын ортаға салды. Сонымен қатар, журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Ресми бөлімнен кейін «Қарасай жастары» театры Бақыт Беделханұлының «Рух жыры» поэмасының желісі бойынша «Жүректің көзі ашылса…» атты поэтикалық драмасымен шымылдығын ашты. Шығарма барысында Абай өскен ауыл, ағайын-туыс, дос-құрбы әуелеген әнмен сол дәуірге жетелеп әкетті. Сол сәтте Абайдың келуі, айнала қоршаған үлкен-кіші Абайдың өлеңдерін алма-кезек оқып, әуелі бізді ақын әлеміне енгізіп барып, поэманы толықтай ашады. Қойылымда поэма бастан-аяқ пайдаланылмағанымен зерек көрерменге керек жерін кесіп алып, сыбаға ретінде ұсына білген. Қазіргі қоғамдағы менмендік, қанағатсыздық, ашкөздік, қаскөйлік осыдан бір ғасырдың ар жағында жазылған поэма арқылы көрсетілді. Қандай да бір шығарманың бағын ашып, көрерменге ұғынықты жеткізу үшін режиссердің де еңбегі зор екенін білген дұрыс. Бұл ретте, әрине, режиссерлік қырынан танылған Бағлан Қалмановты да ерекше атаған жөн. Оның осы тарихи драманы сахналау барысында өнерге деген шын жанашырлығын, біліктілігі арқасында әртістерді лайықты етіп таңдағанын байқауға болады.

«Қарасай жастары» театрының ашылу кезеңіне көз жүгіртсек. Театр 2018 жылы ақпан айында Қарасай аудандық мәдениет үйінің жанынан «Қарасай жастары» театры болып құрылып, өз жұмыстарын бастаған болатын.

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь