Қарасай ауданының ғана емес, жер жәннаты – Жетісу жерінің де мақтанышына айналған, ТМД (Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығында) елдерінде баламасы жоқ музей өз атын абыроймен арқалап жүр. Қазіргі таңда тарихи орталық тек естелік экспонаттардан тұратын сөрелі орда емес, түрлі жиындар жиі өтетін, қанатын кеңге жайған мәдени ошаққа айналған. Бүгін, яғни, 9 мамыр – Жеңіс күні мерекесіне орай аталмыш музейдің оң жақ қанатынан жаңадан бой көтерген «Анаға құрмет» галереясының ашылу салтанаты өтті. Осы атаулы мерекеде ақ жаулықтың иесі мен киесіне мадақ көрсетуді үлгі етіп дәріптеп отырған киелі шаңыраққа жиналғандардың қарасы қалың болды. Шараның шымылдығы да аяулы аналарымызға арналған әнмен түріліп, көрермендердің жүректерін тербеді. Әуезді әуен мен рухани әңгімеге толы болған жиынның алғы сөзін аудан әкімі Жандарбек Далабаев бастап сөйлеп, одан кейінгі ізгі тілектің кезегін Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы Мәрлен Көлбаев жалғады. Тағылымы мол жиынның барысында аталған музейдің негізін қалаушы, Абылайхан атындағы әлем тілдері университетінің профессоры, Шет тілдер педагогикалық колледжінің директоры, Қарасай ауданының Құрметті азаматы, қоғам қайраткері Бақыт Шпекбаева жүрекжарды лебізін білдіріп, басқосудың маңыздылығын айтып өтті. Ал, ұлы дала тарихындағы нәзік жандардың тұлға ретіне көтерілген бейнесін жаңғыртуды мақсат еткен «Анаға құрмет» галереясы ғимаратының қызыл лентасын Сәт Тоқпақбаев, Амангелді Шабдарбаев және Бақыт Жатқамбайқызы сынды құрметті азаматтар қиып, әжелеріміз шашуын шашты. Қос қабатты мәдени нысан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алматы облысы және Қарасай ауданы әкімдіктерінің, еліне жанашыр қайырымды азаматтардың қолдауымен Тәуелсіздік 30 жыл толуына орай тарту ретінде салынғанын айта кеткен жөн. Бүгінгі ашылу салтанатына құрметіне ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, қылқалам шебері Жанұзақ Мүсәпір, «Анаға құрмет» музейінің ғылыми қызметкері, этнограф, кестеші Сұлтан Тілектің, кестеші Гүлнар Әбіштің, қолөнер шебері, суретші Теміртай Бейімбетовтың картиналарынан көрме ұйымдастырылып, көпшілік назарына ұсынылды. Авторлар туындыларын қалың көрерменге өздері таныстырып, экскурсия жүргізді. Сонымен қатар, жиынның барысында Бақыт Шпекбаева мен музейдің меңгерушісі Аршагүл Серікқызының авторлығымен жарық көрген «Қос құбылам» атты тарихи кітаптың тұсауы да кесілді. Тағылымы мол кештің соңы әсерлі әңгімеге ұласып, жақсы көңіл күйде түйінделді.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь