Алматы облысындағы санитарлық автокөліктер жаңартылды

0
190

Алматы облысында өңір халқына жедел медициналық көмек көрсету үшін биылғы жылы 180 жедел жәрдем көлігі мен 12 жылжымалы медициналық кешен стапы алынды. Соның нәтижесінде облыстағы санитарлық автокөліктер 80%-ға жаңартылды, деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жедел жәрдем бригадасы 165-тен 205-ке арттырылды. Заман талабына сай жабдықталған арнайы көліктердің бір легінің кілтін облыс әкімі Амандық Баталов табыстады.

–  Елбасының тапсырмасына сәйкес және Президенттің Жолдауда жүктелген міндеттерін орындау мақсатында өңірде халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету деңгейін арттыруға қажетті барлық жағдайлар жасалып келеді. Індет басталған кезде, вируспен ең алғаш бетпе-бет келгенде бізде біршама қиындықтар болды. Бірақ қазір екінші толқынына дайындық барысында алғашқы кезеңдегі қателіктердің, кемшіліктердің бәрі ескерілді. Вирусты жеңіл өткеру үшін бүгінгі күні істелген жұмыс аз емес. Талдықорғанда барлық қажетті құралдармен жабдықталған 200 төсектік жаңа аурухана салдық. Одан бөлек, ПЦР-зерттеу көлемін арттырдық, облыстың 13 ауруханасы кислород стансасымен қамтылды, медициналық мекемелердің әр төсегіне кислород жеткізілген. 180 медициналық жедел жәрдем көлігі мен шағын емхана түрінде жабдықталған 12 жылжымалы медициналық кешен сатып алынды. Соның арқасында облыстың шалғай елді мекендерінің халқы сапалы медициналық қызметке қол жеткізе алады, – деп атап өтті А.Баталов.

Сол сияқты облыс әкімі медициналық кадрлармен қамту мәселесіне де тоқталды.

Шара барысында аудан, қалаларға қажеттілігіне қарай берілетін санитарлық автокөліктердің кілттері табыс етілді.

Медицналық қауым атынан облыстық жедел жәрдем және шұғыл медициналық көмек стансасының басшысы Савелий Пак сөз алып, жұмыс жағдайына да, тұрмыстық мәселелерге де алаңдамай жүктелген міндетті еркін атқаруға жасалған мүмкіндіктер үшін, көрсетілген мемлекеттік қолдаулар үшін зор ризашылығын білдірді.

Атап өтсек, мобильді медициналық кешендерде жалпы қабылдау, акушер-гинекологтың, сәулелі диагностиканың кабинеттері, жалпы тәжірибелік дәрігерге арналған аумақ, дәріхана пункті, анализдер қабылдайтын аймақ, сарапшы санатындағы портативті УЗИ бар. Рентген мен флюорографияны қауіпсіз жасаудың мүмкіндігі қарастырылған. Мүгедек жандар үшін пандус-лифт жұмыс істейді.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь