Абай салған ізімен…

0
1186

Ұлы Абай мұрасы  қазақ халқының рухани қазынасы екені сөзсіз. Шығармаларын оқыған адам оның  әрбір өлеңінде, қара сөзінде   ақыл мен тәрбиенің  сара жолының, философиялық түйіннің бар екенін  жақсы біледі. Президентіміздің биылғы жылды Абайдың 175 жылына арнауы ұлы тұлғаға деген құрметті одан әрі артыра түскендей. Осы ретте бүгін, аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастырумен, орта білім беру мекемелерінің студенттері арасында «Абай оқулары» байқауы  өтті, деп хабарлайды Кarasayinfo.kz  желілік басылымының тілшісі.

Әдеби шара Шамалғандағы Үшқоңыр су шаруашылық колледжінің мәжіліс залында болды.  Бұл байқауда жас өнерпаздардың таланттарын аудандық әжелер алқасының төрайымы Ақылия Бекбайқызы, ҚР білім беру саласының үздігі, ардагер ұстаз Ақлима Көсемова, ардагер журналист Өтесін Құбиев, Қаскелең қаласының ардагерлер кеңесінің төрайымы Несіпбала Әбділдаева, аудандық орталық кітапхананың директоры Ұлдархан Өтеева, Үшқоңыр қазақ мектебі музыка пәнінің мұғалімі Армантай Нұрмағанбетов саралап, бағалады.

Үш кезеңнен тұратын байқаудың алғашқы «Көркем сөз » деп аталатын кезеңінде қатысушылар Абай өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқудан жарысса, екіншісінде – жазушы М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясынан үзіндіні жатқа оқудан бақтарын сынады. Ал,  соңғы бөлімде  халық әндерін шырқап, көңіл құсын шартарапқа құйқылжытты. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» дегендей, қатысушылардың барлығы да бұл байқауға үлкен әзірлікпен келгені көрініп тұрды.  Десе де, байқау болған соң басып озғандар да, артта қалғандар да болады.   Осылайша қазылар алқасының шешімімен үшінші орынды   Үшқоңыр су шаруашылық  пен С. Жандосов колледждері иеленсе, екінші орын Қаскелең гуманитарлық-техникалық колледжіне берілді. Ал, араларынан үздік шығып, жеңімпаз атанған Қаскелең мәдениет колледжі бірінші орынға лайық деп танылды. Ақылия Бекбайқызы оқу мәнерімен ерекше көзге түскен С. Жандосов колледжінің студенті Ержан Амангелдиевке өзінің авторлық кітабын тарту етті. Одан кейін   аудандық Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Айжан Балажанова осы шараны өткізуге ұсыныс тастаған Үшқоңыр су шаруашылық колледжінің әкімшілігі мен оқытушыларына ризашылығын  білдірді.  Өз кезегінде    барлық қатысқандарға Алғыс хаттар және сыйлықтарын табыстады.

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь