«Ақ қауырсын»: танымы бөлек, ойы ерек дарындар дараланды

0
80

Таяуда Алматы облысында аймақ басшысының «Ақ қауырсын» жүлдесі үшін «Тіл – ғұмыр» атты байқау өтті, – деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өңір бойынша 4-ші рет өтіп отырған бәйгеге  20-45 жас аралығындағы жалпы саны 62 үміткер қатысты. Оның 45-і поэзия бөлімінде ат оздыруға үмітті болса, проза бағытында 17 шығарма қазылар алқасының талқысына берілді. Сайыс барысында от ауызды, орақ тілді ақындардың артынан ерген азаматтардың бір парасы «Тіл және Тәуелсіздік» және еркін тақырыпта өлең арнаған. Ал, қалғандары «Тіл – Тәуелсіздік тірегі» тақырыбында мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, ел бірлігін насихаттауға туралаған туындыларын орындады.

Облысымыздың түкпір-түкпірінен қаламды серік еткен азаматтар қатысқан байқау қорытындысы бойынша проза жанырында облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі Ришад Тұрғанбай, ал поэзия бағытында аталған мерзімді басылымның тағы бір оғланы, Асыл Сұлтанғазы 1 орыннан көрініп, «Ақ қауырсын» жүлдесін қанжығаларына байлады. Ришад Тұрғанбайдың шығармасы өмірден алынған шынайылығымен, ал, жас ақын Асыл Сұлтанғазының өлеңі өзіндік бояуымен бас бәйгені еншілеуге сеп берген. Сондай-ақ, прозада Есболат Айдабосын, поэзия жанырында қара өлеңмен тілдің тағдырын өрнектеген Медет Байжұма екінші орынды еншіледі. Поэзияда, алакөлдік Нүсіпхан Қадырсұлтан мен Көксу ауданының тұрғыны Шұғайып Ақын үшінші орынды өзара бөліссе, прозада қараталдық қаламгер, Асхат Өмірбаев үздік үштікті қорытындылады.

Айта кетейік, аталмыш сайыста әділ қазылар алқасының құрамында «Жетісу» телеарнасының бас директоры, журналист Серік Сарыбай, «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Жұматай Әміреев, Алматы облысы әкімі аппаратының бас инспекторы Гүлбақыт Қасен, «Жетісу» телеарнасының тілшісі Айнұр Төлеу, «Жетісу» газетінің тілшісі Қуаныш Тұңғатар, Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының әдіскері Жеңіс Жолдыбаев болды.  Әдеби ортаның қазанында қайнаған кәсіби мамандар, «сен тұр, мен атайын» деген үздіктердің ішінен кіл мықтыны, сүт бетіндегі қаймақтай қалқып берді.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь