Жеті ата – тектіліктің түп қазығы (тағылымды кездесу)

0
1137

Ардагерлер қауымы жастарға жеті атаның маңыздылығын түсіндірді, деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымның тілшісі.

Жеті атасын біліп өсу – түп тамырлы тарихын танытатын тектіліктің кепілі. Мұны әр қазақтың баласы санасына сіңіріп, дәстүрінің даңғыл жолынан жаңылыспай, әулетінің шежіресінен хабардар болу керек деп білеміз. Қазіргі жаһандану дәуірінде осындай тәрбиеліктің тұтқасы саналатын, өз жұртын жақын тануды насихаттайтын игі шаралардың өткізілуі некен-саяқ болып көрінгенімен, танымды тақырыптың төңірегінде атқарылып атқан жұмыстардың бар екені жасырын емес. Оған дәлел ретінде Қаскелең қалалық ардагерлер ұйымының аналар кеңесі мен мәдениет колледжінің бірлесе ұйымдастырған бүгінгі тағылымды іс-шарасын айтуға болады. Орнықты ой өрбіген бұл басқосудың тақырыбы – «Жеті атасын білген ер – жеті жұрттың қамын жер» деп аталды. Ауданымыздың зиялы қауым өкілдері арнайы шақырылған кездесуде аталмыш білім ошағының өскелең жастары да қатысып, тәрбиелік мәні зор өсиетке қанық болды.

Тәлім-тәрбиені дәріптеуді мақсат еткен жиынды Қаскелең қалалық мәдениет колледжінің тәжірибелі ұстазы Бәзілжан Молжігітов жүргізіп, сөз арасында өнегелі ұрпақ қалыптастыруға қатысты ойын да жеткізіп отырды. Сондай-ақ, Қаскелең қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Сәуле Кенжетаева осы шараның басында баяндама оқып, дәстүрлі қазақ қоғамындағы бала тәрбиесіне тереңінен түсінік берді. Ал, шаһар басшысы Асқар Мұқашев ата-әжелердің өсиеті жастарға қаншалықты маңызды екенін айтып, студенттерге қаланың өсіп-өркендеуіне белсене атсалысуға шақырды. Ізгі ниетін білдіргеннен кейін Асқар Өкенұлы осы кездесуге арнайы шақырылған Елтай ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Қалида Қосшұғыловқа құрмет көрсетіп, шапан жапты. Ілтипатқа ие болған Қалида атамыз осы ретте сөз алып, қала басшысына ықыласын білдіріп, жастар қауымына аталық ақылын да арнады. Сонымен қатар, кездесу барысында Ақлия Бекбайқызы, Шара Қанатқұлқызы сынды ақ әжелеріміз тектілік туралы ой қозғап, қазіргі жас өрендер жамандықтан қашық, жақсылыққа жүректері жақын болуды насихаттай келе, салт-дәстүрдің де мән-маңыздылығына ерекше тоқталды.

Ардақты ата-әжелердің тағылымды ойы тыңдалған кездесу барысында Қаскелең қалалық мәдениет колледжінің өскелеңдері өз өнерлерін ортаға салып, сана сілкінер көріністерді де қойды. Ал, жиын соңында осындай игі шараларға қолдау білдіріп жүретін қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы Несіпбала Әбенқызы қорытынды сөз сөйлеп, барлығына алғысын жеткізіп, аталмыш білім ошағының басшысы Саят Қырғызбайұлына Қарасай ауданының 90 жылдығына арналған кітапты тарту етті.

Осылайша, тағылымға толы тақырыптың аясында өнегелі өсиеттер айтылып, ұлағатты ұрпақтың қалыптасуына қатысты орамды ойлар ортаға салынды. Шынтуайтына келгенде, әркім өзінің тегін танып-біліп өссе, отбасының құндылығы да сақталады деген ойдамыз.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь