Территория Карасайского района — 2,0 тыс.км | Численность населения на 1 июня 2018 года – 264.1 тыс. человек | из них: городское – 65,2 тыс.человек | сельское — 201,4 тыс.человек | Темп роста составляет 102 % | Среднемесячная зарплата – 136686 тг. | Величина прожиточного минимума – 29509 тг.
Karasayinfo.kz | Новости Карасайкого района.Жазушы-журналистпен жүздесті - Karasayinfo.kz | Новости Карасайкого района
Понедельник, 22 октября 2018   Подписка на обновления  RSS  Письмо редактору
Популярно
Жазушы-журналистпен жүздесті
19:38, 27 февраля 2018

Жазушы-журналистпен жүздесті


Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы еліміздегі ерекше тұлғалардың өмірі мен еңбек жолын өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттап, жақын таныстырып, үлгі-өнеге ретінде көрсетуге жарқын жол аша түскені рас. Жақында осы мақсатта, Қаскелең қаласындағы Қ.Сәтбаев атындағы орта мектепте ұйымдастырылған «Туған жердің топырағынан нәр алған» атты журналист, жазушы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Президент сыйлығының иегері, Қазақстан журналистикасы Академиясының академигі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты  Жұмабай Шаштайұлымен кездесу кеші оған куә болғандарды тың әсерге бөлеп, жас буынның әдебиетке деген қызығушылығын, кітап оқуға деген құмарлығын арттыра түскені анық. 

Иә, өзінің өмірлік ұстанымы етіп шындық пен әділет ұғымын ең басты орынға шығарған, әрі, журналист-жазушы ретінде де осы бағытынан танбаған, жалпы адами тұрғыда да осы қағидаларын темірқазық еткен Жұмабай Шаштайұлының қазақ әдебиеті әлемінде өзіндік соқпағы бар.

Жыр елі аталып кеткен Жамбыл ауданында 1950 жылы дүниеге келген оның туған жерінің тамаша табиғаты мен келісті келбеті қаламгердің көркем шығармашылығына арқау болғаны сөзсіз. Әскер қатарынан оралған соң автоклуб меңгерушісі, аудандық газетте корректор қызметтерін атқарған ол әр жылдары «Коммунизм жолы», «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан», кейіннен «Жас Алаш»,  газеттерінде, «Жалын» журналында еңбек етіп, «Заман Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» сияқты мерзімді басылымдарға басшылық етті. Қазіргі таңда «Егемен Қазақстан» газетінің қызметкері.

Жазушының қаламынан шыққан «Қызыл қар», «Жала мен нала», «Жыр жолбарыс», «Біздің заманның Аяз биі», «Жаңғырық» жинақтары, басқа да терең мағыналы әңгімелері оқырман ықыласына бөленген. Өйткені, автор күнделікті өмірде болып жатқан кез-келген қарапайым оқиғалардың астарынан психологиялық сыр суыртпақтайды, көпшіліктің назарына іліге бермейтін тарыдай тағдырдың таудай трагедиясын алдыңызға суреткерлік шеберлікпен жайып салады. Қаламгердің қай шығармасына да тереңдеп үңілсеңіз кешегі қазақ әдебиеті классиктерінің болашаққа жалғанған ізінің үзілмегеніне, сәтті сабақталғанына көзіңіз жетеді. Себебі, оның шығармалары қай заманда да еш жоғалмайтын адамгершілік деген ұлы қасиеттің туын асқақ желбірете алғанымен бағалы.

Жазушымен кездесуді асыға күтіп, шығармашылығымен толық танысқан мектеп оқушылары Жұмабай Шаштайұлының «Қара шаңырақ» атты әңгімесінің желісінде көрініс дайындаған екен. Өз кезегінде автор осы «тосынсый» үшін үлкен ризашылығын білдірді. Ал, сахналық қойылымды жас өнерпаздардың асқан шеберлікпен жүзеге асырғаны соншалық, жиналғандар, өкінішке орай, қоғамда қылаң беретін кейбір әлеуметтік мәселелерді, кей отбасындағы ішкі кикілжіңдерді өз көздерімен көргендей әсер алды. Ондағы басты кейіпкер ретінде алынған, кемпірі дүниеден ерте озған шалдың үш баласын ер жеткізіп, қауқары тайып қартайған шағында олардан еш қызық көре алмаған тағдыры анық бейнеленген. Тұлдыр жетімнің күйін кешкен ақсақалдың Алланың жазуымен жүз жасап, сонша ғұмырға ие болғанша, бармақтай бақ бұйырмағанына налуы, ауызбіршіліктері жараспаған, берекелері бекімеген, үш ұлының тіршілігіне көңілі толмай күрсінуі түйсігі бар жанға түгелдей ой салғандай еді…

Жазушының шеберлігіне осылай жиналғандар тағы бір мәрте көз жеткізді.

Ал, сахна төріне шақырылған Жұмабай Шаштайұлының айтқан әңгімесін ұстаздар мен оқушылар, кеш қонақтары үлкен қызығушылықпен тыңдады. «Әдебиетті тағдыр жасайды. Өмірді көрмей тұрып үлкен шығарма тудыру қиын. Әрине, шығармаға қиялмен келуге болады. Ойдан да құрастыруға болады. Бірақ, ұлт табиғатын ашатын туындыға тағдыр алып келеді» — деген жазушыға қойылған сұрақтар да өте көп еді. Әсіресе, оқырмандары қаламгердің сонау Кеңес кезінде жазылған «Қызыл қар» повесі, «Біздің заманның Аяз биі» романы төңірегіндегі сауалдарына жауап күтті. Сол уақытта бәрі коммунизмнің арқасы, партия қолдап жатыр, қойшылардың жағдайы жақсы деп ұрандаған Кеңес өкіметінің саясатын әшкерелеп, малшылардың ақпандағы жұтта көрген қиыншылықтарын жазған, қолына билік тигенде кең дүниені жалпағынан басқандай болатын бәзбіреулердің бейнесін ашқан автордың шындыққа тура қарайтын ержүректілігіне тамсанды. Сол ақты ақ, қараны қара деп ашық айтатын бірбеткейлігінен талай қиындыққа да тап болғанын әңгіме арқауына айналдырған кеш кейіпкері өскелең ұпаққа ұлттық тамырдан қол үзбеу керектігін, туған халқыңның мәдениеті мен салт-дәстүрін, тарихын, тілін, ділін құрметтеу арқылы ғана кіндік қаның тамған топыраққа құрметіңді білдіруге болатынын, әр адам баласына уақыт өзі беретін еншісінен құр қалмай, дер кезінде оқып, адал еңбек ету керектігін тебірене тілге тиек етті.

Осы кездесу кешіне арнайы шақырылған Жұмабай Шаштайұлының шәкірті республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері, халықаралық «Шабыт» жастар фестивалінің лауреаты, ақын Роза Сейілхан сөз кезегі ұсынылғанда жазушыны тағы бір қырынан таныта түсті. Яғни, өзін үлгі тұтып, артынан ерген іні-қарындастарына деген жанашырлығы мен қамқорлығын, әдебиет деген шексіз әлемде жас дарындардың өз бағытын табуға деген қолғабысын сөз еткен шәкірт ұстазының мерейін жиналғандар алдында өсіре түскендей.

Өнерпаз оқушылар әсем әнмен өрнектеген бас қосуды мектеп директоры Қорлан Тұрсынова қорытындылап, кеш қонақтарына жақсы тілегін арнады. Жұмабай Шаштайұлындай шебер жазушылар, ардақты ағалар қашанда кейінгі буынға үлгі болатынын, осы кездесу барысында балалар да, мұғалімдер де ұлттық құндылықтарымыз жайында, әдебиет әлемі туралы, адами жақсы қасиеттер хақында таным-түсініктерін тереңдете түскендігін айта келе, үлкен ризашылығын білдіріп, қазақы жоралғымен сый-сияпатын көрсетті.


Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

© 2018 Karasayinfo.kz | Новости Карасайкого района