Ауданымызда жастар форумы өтті (Видео)

0
738

Жастар жылының аясында аудандық орталық Мәдениет үйінде «Жастар форумы» өтті, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымының тілшісі. 

Жаңа 2019 жыл қазақстандықтар үшін ерекше жыл, өйткені Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен жылғы 5 қазандағы Жолдауында оны – Жастар жылы деп жариялаған болатын. Осыған орай бүгін аудандық орталық Мәдениет үйінде Жастар форумы өтті. Аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен болған форумға аудан әкімінің орынбасары Айжан Назарбаева, білім бөлімінің басшысы Жарқын Нұрғалымов, ауданымызға қарасты округердегі оқу орындарының ұстаздары мен білімгерлері қатысты.

Басқосу барысында Жарқын Нұрғалымұлы баяндама жасап, ауданымыздың білім беру жүйесіндегі жас мамандармен атқарылып жатқан жұмыстар туралы, жастарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік беретін «Жастар практикасы», «Дипломмен – ауылға», «Жасыл ел» сияқты мемлекеттік бағдарламалар жайында айтты. Сондай-ақ, ол түрлі байқаулар мен жарыстарда ауданымыздың абыройын облыстық, республикалық дәрежеде көтеріп жүрген жастар жайында да әңгімеледі.

Баяндамадан кейін жарыссөзге Л.Толстой атындағы орта мектептің жас маманы Ақнұр Қожантаева, Алмалыбақ ауылындағы орта мектеп-гимназиясының ұстазы Райымбек Алпаров пен Қарасай батыр атындағы орта мектептің жас маманы Аэлита Гаипова шығып, жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалардан алған көмектері мен сол арқылы жеткен жетістіктері жайлы айтып өтті.

Жарыссөзден кейін Айжан Нұрділдақызы сөз алып, жастардың кез келген сәтте еліміздің өсіп-өркендеуіне, өңіріміздің қоғамдық-саяси өміріне араласып, белсенділік таныта білуі керек екендігін айтып, аға буын салып берген сара жолды жалғастырушыларға табыс пен сәттілік тіледі.

Форумда жастардың жетістіктері мен өнерлерін көрсететін көрме ұйымдастырылып, онда олардың қолдан жасаған бұйымдары, салған суреттері, құраған роботтары сияқты түрлі заттары көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ, ауданның жас спортшыларының кубоктары мен медальдары да қойылды.

Іс-шараның соңы округтердегі жас мамандардың ұйымдастырған концерттік бағдарламасымен жалғасты.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь