Жас жүзушілер жарыста шеберліктерін шыңдады

0
62

Ашық турнир аясында жас спортшылар алғаш рет жүзуден сынға түсті, деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымның тілшісі.

Ауданымыз бойынша ең ерекше болып бой көтерген нысандардың қатарында «Úshqońyr» спорт кешені де бар. Болашақ чемпиондарды баптайтын бұл орталықта жастар үшін көптеген спорт түрлері қамтылып, барынша жағдай жасалған. Ал, спорт мектебінің ұжымы маңызды мереке сайын аудан бойынша түрлі іс-шара өткізіп, өз деңгейінде атқарып келеді.

Дәурен Төлеген басшылық ететін аталмыш спорт кешені 1 желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай, дәл осы күні 2003-2014 жылғы жасөспірімдер арасында жүзуден алғаш рет ашық турнир ұйымдастырып, шәкірттерінің спорттық бабына баға беріп, олар үшін ерекше сыйды да тарту етті. Шара барысында құрметті қонақ ретінде шақырылған ҚР Тұңғыш Президентінің сыныптасы Күләш Әмірова Елбасының ерен еңбектерін әңгіме етіп, жарысқа қатысушыларға ақ тілегін білдірді. Сондай-ақ, «Úshqońyr» спорт кешені директорының орынбасары Әйгерім Құсбекқызы құттықтау сөз сөйлеп, турнирдің маңыздылығына да тоқталып өтті.

Судағы шеберліктерін шыңдау үшін бұл жарысқа бас-аяғы 129 жасөспірім қатысып, жас ерекшеліктеріне қарай 25 пен 59 метрлік қашықтықта жүзуден өз бақтарын сынап көрді. Барлығы да жаттықтырушыларының үмітін ақтап, жарыс соңына дейін барлық мүмкіндіктерін байқата білді. Ал, спортшыларды қолдауға келген жанкүйерлердің көптігін көрермендер орындарында ине шаншар орынның жоқтығынан байқауға болады.

Жалпы, бұл спорттық шараға қатысушы балалардың жеңіске деген талпыныстары жас ерекшелігі мен жүзу уақытысына қарай сыналатынын айта кеткен жөн. Яғни, жарыс барысында әр қатысушы әртүрлі уақытпен мәрене жеткенімен, олардың жеңімпаз атануы арнайы ережеге сәйкес бағаланды.

Спорттық шараның соңында Елбасының сыныптасы Күләш апамыз бен аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Серік Қамзанов жүлдегерлерді марапаттап, «Úshqońyr» спорт кешенінің директоры Дәурен Төлегеннің атынан арнайы грамоталар мен медальдарды табыс етті. Сонымен қатар, жүлделі орынға ие болып, нормативті орындаған қатысушылардың бірқатары спорттық топта тегін жаттығу мүмкіндігіне де ие болды.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь