Тіл сақшылары іске кірісті

0
1035

Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы ағымдағы жылдың сәуір-маусым аралығында облыс көлемінде «Тіл тазалығын сақтайық!» акциясын өткізуге тапсырма берді. Осыған орай аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Шара Қанатқұлқызы, Қаскелең қаласы әкімі аппаратының бас маманы Маржан Мырзахметқызы және аудандық БАҚ өкілдерінен құралған топ рейд жүргізді. Екі күн ішінде бірнеше мекемеге барып үлгерген тексерушілер көзі шалған қателіктеріне ескерту жасады. Бір айта кетерлігі көпшілік бөлімдердің маңдайша тақталары тек орыс тілінде жазылған. Сондай- ақ, құжаттардың да қазақ тілінде жүргізілуіне де назар аударған комиссия бұл шараның маңыздылығына тоқталғанды жөн көрді.

Акция аясында «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының 21-бабы талаптарын халыққа түсіндіру, деректемелер мен көрнекі ақпарат құралдарының тіл нормаларына сәйкес ресімделуін анықтау көзделеді.

Сәуір айының соңында ауданда бұл жоба өз мәресіне жетеді. Содан кейін  облыста арнайы комиссия құрылып, қатаң тексеріс жүргізеді. Қазақ тілі нормасына қатысты олқылыққа алдымен ескерту жасап, орындалмаған жағдайда 50 айлық есептік көрсеткіш шамасында айыппұл салады. Яғни, мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру жұмыстарында салғырттық танытқан кейбір мекемелер  ертеңгі күні қомақты айыппұл төлегісі келмесе, түзету шараларын бүгіннен бастағандары абзал.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь