Тігін машиналар сыйға тартылды

0
709

Бүгін аудандық кітапханада болған үш күндік шеберлік сабақтары аяқталып, жеңімпаздарға тігін машиналары табысталды, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымның тілшісі.

Естеріңізге сала кетсек, осыдан біраз уақыт бұрын аудандық Мәдениет үйінде аудан әкімінің орынбасары Күлжан Дүйсенованың қолдауымен қолөнер шебері әрі жеке кәсіпкер Гүлстан Медетбекованың «Ықылас» атты қолөнершілер мектебі ашылған болатын. Осы мектептің ашылуына, сондай-ақ, биылғы еріктілер жылының аясында аудандық кітапханада 3-5 наурыз аралығында үш күндік тігін ісін үйрету бойынша тегін мастер-класс өтті. Аталмыш курсқа көп балалы, аз қамтылған және де мүмкіндігі шектеулі аналар мен студенттер, жалпы 11 адам қатысты. Сабақ барысында Гүлстан Жандосқызы қатысушыларға бет жағы құрақтармен оюланған бөстек тігіп үйретті. Бүгін осы тегін сабақтардың аяқталуына орай курс барысында өзін жақсы жағынан көрсетіп, сапалы әрі әдемі бөстек тіккен әйелдерге сыйлық ретінде тігін машиналары табысталды.

Игі шараға аудан әкімінің орынбасары Күлжан Дүйсенова да қатысып, аталмыш курсты өткізіп, өзінің білгенін өзгелерге тегін үйреткен шебер Гүлстан Медетбековаға алғысын айтып, келе жатқан 8 Наурыз мейрамына орай сый-сияпат табыстады. Мұнан кейін аудан әкімінің орынбасары осы шеберлік сабақтарының жеңімпаздарына – қаскелеңдік жалғыс басты ана Кәмшәт Тлеуоваға, мүмкіндегі шектеулі Бақыт Тілеумұратқа тігін машиналарын берді. Өз кезегінде аталмыш тегін курсқа қатысушылар осы игі істі қолға алып, оны іске асырған Күлжан Әділханқызы мен Гүлстан Жандосқызына үлкен ризашылықтарын білдірді. Шара соңында сабаққа қатысқандар өздерінің тіккен бөстектерін курс үшін орын бөлген кітапхана қызметкерлеріне тарту етті.

Тағы бір айта кетерлігі ұйымдастырушылардың айтуы бойынша осындай мастер-класстарды үш айда 1-2 рет қайталап тұру жоспарда бар екен.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь