Түсіндіру жұмыстары жүргізілді

0
619

Жақында Шамалған ауылындағы мектептің аумағында белгілі бір діни топтағы адамдардың оқушыларға білезік пен тәтті таратқан белгілі болған еді. Осы ретте бүгін аудандық әкімдіктің мәжіліс залында осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымның тілшісі.

Жуырда, яғни, қаңтар айының 14-і күні ауданымызға қарасты Шамалған округіндегі Үшқоңыр мектебінің жанында өзге елден келген кәріс ұлтының азаматшалары оқушыларға тәтті кәмпиттер мен білезіктер таратқан болатын. Аталмыш мектептің мұғалімдері ұстап алған адамдар ауданымыздағы христиан дінінің протестант тармағынан шыққан гуд-ньюс деген ағымды ұстанушы топтың мүшелері екені анықталды.

Бүгінгі жиында ауданымыздың теологы Мағжан Құрман мен Шет тілдері және іскерлік карьера университетінің дінтанушы маманы Қуанышбек Назар аталған жағдайға қатысты ойларын айтып, олар осындай істері арқылы әлі де ой-санасы толығымен жетілмеген балаларды өздерінің ағымдарына тартып алғылары келгендігін түсіндіріп, оларға қарсы қандай іс-әрекеттер қолданып, кімге хабарласу керектігін жеткізді. Әсіресе, мұндай жағдайлардың алдын алу үшін оқушылармен жұмыс жасау керектігін, теолог немесе имамдардың қатысуымен сынып сағаттарын, діни шаралар мен профилактикалық жұмыстар жүргізу қажеттігін тілге тиек етті.

Сонымен қатар, Мағжан Құрман мен Қуанышбек Назар биылғы жыл «Еріктілер жылы» болғандықтан, елімізге өзге мемлекеттердің түкпір-түкпірнен волонтерлер атын жамылып миссионерлер келіп, әртүрлі шаралар өткізу арқылы өздерінің теріс ағымдарын насихаттаулары мүмкін екендігін және де ондай жағдайда дереу жергілікті учаскелік полиция инспекторына хабарласуларын сұрады. Мұнан бөлек дінтанушылар мектеп директорларына балалардың ата-аналарымен де түсіндіру жұмыстарын жүргізу жағын қолға алуды атап айтты.

Басқосу барысында қатысушыларға елімізде бар теріс ағымдағы топтар туралы да қысқаша мәлімет беріліп өтті.

 

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь