Өскемен мен Семей қалалары карантинге жабылады

0
209

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Өскемен мен Семей қалалары карантинге жабылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Karasayinfo.kz желілік басылымы ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

– Халықтың денсаулығын сақтау және коронавирус инфекциясының таралуын тежеу мақсатында, Мемлекеттік комиссиямен келісе отырып, сіздердің ұсыныс, өтініштеріңіз бойынша Өскемен мен Семей қалаларында, 2020 жылғы, 2 сәуірде, сағат 00.00-ден бастап, қосымша шектеулер енгізіледі. Шығу және кіру шектеледі, 15 бақылау-өткізу пункті қойылады. Сонымен қатар, бірінші қажеттіліктегі тауарларды жеткізу үшін «жасыл дәліз» ашылды, – делінген әкімнің Facebook-тегі парақшасында.

Көлік қозғалысы күндіз шектеліп, түнде тоқтайды. Тек қызметтік көліктерге рұқсат берілді. Бір апта ішінде қоғамдық көлік қатынасы қысқартылады. Кәсіпорындар өз қызметкерлерін жеке кесте бойынша жеткізетін болады. 6 сәуірден бастап, жеке көлік қозғалысы шектеледі. Күнтізбенің жұп күндері, көлік нөмірі нөлді қосқанда, тек жұп санына аяқталғандар, ал тақ күндері, көлік нөмірі тақ санға аяқталғандар ғана жүреді.

Сондай-ақ, 6 сәуірден бастап, Өскемен, Семей аумағында тұрғындардың жүріс-қозғалысы тек рұқсат қағазы арқылы жүзеге асады.

Бірінші түрі – қалалардың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін ұйым қызметкерлері, жұмыс істейтін азаматтарға арналған.

Екінші түрі – әрбір отбасына беріледі. Ол арқылы аптасына 3 рет сауда нысандарына, дәріханаларға, банктер мен медицина мекемелеріне баруға болады.

Рұқсат қағазының жасыл түсі – жұп күні, ақ түсі – айдың тек тақ күндері шығуға мүмкіндік етеді.

Сонымен қатар, 2 сәуірден бастап, азық-түлік бөлімдерінен басқа, ірі сауда нысандарының қызметі тоқтайды. Мейрамханалар, дәмханалар, асханалар онлайн түрде тапсырыс алу, жеткізу режиміне өтеді. Қызмет көрсететін – сұлулық салондары, массаж орталықтары, сауналар толық жабылады. Бір айта кетерлігі, бұл қызмет түрлерін үйде көрсетуге қатаң тыйым салынады.

Облыс басшысы Өскемен және Семейдегі жасы 70-тен асқан адамдарға, бірінші, екінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жандарға, үйден шықпауларын сұрады. Бұл кісілердің барлығына 2 сәуірден бастап, азық-түлік, дәрі-дәрмекті үйлеріне жеткізіліп отыратын болады.

Мұнан бөлек Даниал Ахметов еліміздегі төтенше жағдайды ескере отырып, жақын арада Жеңіс күніне арналған біржолғы төлемдерді беруді бастайтынын айтты. Соғыс ардагерлеріне 600 мың теңгеден, марапатталған тыл еңбеккерлеріне 100 мыңнан, ал марапаты жоқ тыл еңбеккерлеріне 42500 теңгеден берілетінін айтты.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь