Шамалғандық ардагерлер ардақталды

0
292

Кеше Шамалған ауылында тұратын ауған соғысының майдангерлерімен кездесу кеші ұйымдастырылып, оларға құрмет көрсетілді, деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымында.

15 ақпан – Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылған күнін бүгінгі таңда тарихи-тағдырлы күн деп, оны еліміз бойынша дәстүрлі түрде атап өтіп келеміз.

Елімізде 17 мыңға жуық интернационалист жауынгер болса, соның 42-сі ауданымыздың Шамалған ауылында бейбіт ғұмыр кешуде. Мақтаныш жерлесетеріміздің алды 60 жасты алқымдаған ел ағалары десек артық айтқандық емес. Олардың кейбірі сонау сұрапыл соғыс даласынан жарақатпен оралса да, бүгінде қай-қайсы болмасын түрлі салада еңбек етіп келеді. Сонымен қатар, қоғамдық істерге белсенділік танытып, жас ұрпақты отансүйгіштікке баулып, мемлекеттің мүддесі үшін қызмет атқаруда.

Жыл сайын атаулы мереке қарсаңында  ардагерлер бас қосып, Ауғандағы қанды майданды, онда бірге сап түзеген, құрбан болған қарулас достарын еске алып келеді. Олардың ешқайсысы да 15 ақпанда елеусіз қалған емес.

Шамалғандық ардагерлерді ардақтап, айтулы күннің құрметіне орай дәстүрлі түрде жыл сайын өткізілетін игі шара биыл «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында өткізілді. Майдангерлермен болған кездесу кеші біз айтып отырған орталық пен ауылдық Мәдениет үйінің бірлесе жұмыс атқаруымен, сондай-ақ, Шамалған ауылдық округ әкімдігінің  ұйымдастыруымен өткенін айта кеткен жөн.

Шара барысында ардагерлерді фойеде «Шапағат» домбырашылар ансамблі Құрманғазының «Балбырауын» күйімен қарсы алса, өнерпаз Әбдімомын Желдібаев «Ерке сылқым» күйімен қонақтарды ерекше күйге бөледі. Өз кезегінде ардагер Ильхам Сайфуллин аудандық Ауған соғысы ардагерлер қоғамының төрағасы Сәбит Пшембаевтың атынан Кеңес әскерлерінің Ауғанстан Республикасынан шығарылуының 31 жылдығына орай кездесу кешінің өтуіне мұрындық болған округ әкімі Ержас Тоқтасыновқа, осы ауылдың ақсақалдар кеңесінің төрағасы Амангелді Молбаевқа, Шамалған ауылы Мәдениет үйінің директоры Шарбану Қалиеваға, «Атамекен» тарихи-мәдени орталығының директоры Адиля Қоржумбаеваға және басқа да осы іс-шараға қолғабыс еткен бірқатар мекеме қызметкерлеріне алғыс хаттарын табыс етті.

Марапаттау сәтінен кейін тағылымды кездесу концерттік бағдарламаға ұласып, шарада әуезді әндер мен күмібірлеген күй және басқа да түрлі өнерлер ортаға салынды. Кештің соңында ардагерлерге арнайы сый-сыяпаттар жасалып, ізгі тілектер айтылып, ерекше құрмет көрсетілді.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь