Территория Карасайского района — 2,0 тыс.км | Численность населения на 1 июня 2018 года – 264.1 тыс. человек | из них: городское – 65,2 тыс.человек | сельское — 201,4 тыс.человек | Темп роста составляет 102 % | Среднемесячная зарплата – 136686 тг. | Величина прожиточного минимума – 29509 тг.
Karasayinfo.kz | Новости Карасайкого района.Сексеннің сеңгірінде - Karasayinfo.kz | Новости Карасайкого района
Суббота, 20 октября 2018   Подписка на обновления  RSS  Письмо редактору
Популярно
Сексеннің сеңгірінде
17:39, 08 марта 2018

Сексеннің сеңгірінде


Бүгінде керегесі кең, терезесі тең үлкен әулеттің бәйтерегіне айналған ақылман ананың бірі Қожалимова Мира апа. Алатаудың баурайындағы жанға жайсаң Жандосов ауылын сонау жетпісінші жылдардан бері мекендеп келе жатқан ардақты жанның, сегіз баланың анасының, биыл сексенінші көктемін қарсы алып отырған жайы бар.

Өзінің қазақтың ақиық ақыны Мұқағалидың туған жері – Қарасазда өмірге келгенін мақтанышпен әңгімелейтін алтын алқа иегері қазір тек балаларының, немере-шөберелерінің шаттығын көруді ғана арман етеді. Өйткені, көреген Ұлт Көшбасшысы бар мына егемен елде күн кешудің өзі бақыт деп санайды. Себебі, ол қиындық пен жоқшылықтың да кермек дәмін татып көрген, бардың бағасын, қолдағының қадірін жақсы біледі…

  • Соғыстың алдында тудық. Сегіз жасымызда ғана әріп таныдық. Бізде қандай балалық болды дейсің, шырағым? Бірақ, әр заманның өз берері мен алары, қалдырған қымбаты мен сақтаған сыры бар ғой… — деп өткенді күрсіне еске алған Мира апаның жүзіне бірден жылылық үйіріліп, сағым болған сол балауса шақтарды сүйсіне сағынышпен еске алды.

Ол әкесі Қожалым соғысқа аттанғанда анасы Мейірбалаға тіршілік тауқыметін көтерісуге көмектесіп, қызықты ойынды қызу еңбекке айырбастаған үйдің тұңғышы. Қарасазда 9-шы класқа дейін оқып, мектепті Нарынқолда бітірген. Осы жақта тағдыр оны болашақ серігі Өкен Мұқашұлымен жолықтырды.

Кейіпкеріміздің келін болып, басына жаулық жамылып, ақ босаға аттауы келесі бір тарихи кезеңмен тұспа тұс келіпті. Бай- қуатты өмір сүріп, дәулет жинаған қайынатасы қуғын-сүргінге ұшырап, бас сауғалап кетеді. Осылай 18 жастағы жас келін екі енеге қызмет жасап, қас-қабақтарына қарап, жаңа мекенінің отымен кіріп, күлімен шығуға дағдылана береді. Жарының анасы Сара белді бекем буып, отбасын асырау жауапкершілігін мықтап мойнына алып, беделді қызметтердің де тізгінін ұстаған көрінеді. Ал, Ипан әже жыраққа кеткен жалғызының амандығын тілеп, артынан қалған тұяғы, немересінен тараған шөберелерін бауырына басқан.

Көп ұзамай Мира апа жары Өкенмен сауда саласында жұмыс істей бастайды. Сол кезде бригадалық дүкен деген бар еді. Халықтың сұранысына сай тауарларын тасып, көпшілікті керек-жарақпен қамтамасыз етудің жауапкершілігін қиянатсыз арқалаған.

Біраз отбасылық жылдарды артқа тастап, тіршілік түзеліп, жағдай оңалған шақта отағасы балаларының келешегін ойлап, жер жәннаты Жетісу жеріне қоныс аударуды жөн деп табады. Бұл жоғары айтқанымыздай, жетпісінші жылдардың шамасы еді. Ешбір таныс-тамырсыз келіп орныққан жаңа қонысқа, ауылдастарының ортасына олар тез сіңісті. Апамыз оған отағасының іскерлігі мен өзінің тез тіл табысқыштығы себеп болғанын алға тартады. Совхозда еңбек етті. Өз қолдарымен кірпіш құйып, жаңа үйдің іргесін қалады. Бұл жақта да жары ерінің бір жағына шығысып, қатар жұмыс істеді. Ал, енесі Сара балаларына бас-көз болды. Киелі өлкеде марқұм Өкен ата алға қойған  мақсаттарына жетуге барынша тырысты және соған жетті де… Әсіресе, 1977 жыл олар үшін ерекше есте қалғандай. Өйткені, осы жылы сүт суалтқан кенжелері Асқар өмірге келіп, сол шақтағы екінің бірінің қолы жете бермейтін қуаныш – техникаға ие болып, есік алдында «Урал» маркалы үш дөңгелекті мотоцикл пайда болды. Бұл оқиғаны бүкіл көрші-қолаң болып бірнеше күн тойлағандарын да Мира апа бүгінде риясыз күлкімен еске алады. Тіршілікте қуаныш пен қайғы қатар жүретіні заңдылық. Осыдан соң тура он жыл өткенде әулет үлкен қайғыға душар болды. Адал жар тірегі – ерінен, сегіз бала асқар тауы әкелерінен, самайын ақ-қырау шалған кейуана жалғыз ұлынан қапыда айырылды…

  • Тауым шағылып, төбемнен жай түскендей есеңгіреп қалдым, -дейді әже сөзін жалғай. – Он сегіз жасымда қолынан ұстап, қатал мінезіне де үйреніп, қызметте де иық тірестіре бірге жүр едім. Аяқ асты жазатайым жағдайдан бізді тастады да кете барды… Ол кезде мен 49-дамын. Тағдырым мүшел жасымда тағы бір сынақ дайындапты. Кенжем он жаста ғана екен. Қиналдым, қайғырдым, жыладым… Бірақ осы балаларым үшін өмір сүруім керек екенін түсіндім. Аллаға шүкір, бірін бірі жетектеп бұлар да жетілді. Жанымды жалдап, намысымды қайрап жүріп Асқарымды жоғары милиция мектебіне түсірдім. Тұңғышымыз Жанна да заңгер, Бақытгүлім мұғалім. Басқа балаларым да, Гүлнарым, Индирам, Қуатым, Наркенім мен Оразым да өмірден өз орындарын тапты. Осылар, олардан тараған немере-шөберелерім менің бар байлығым!

Бір айта кетерлігі, елуге енді тақағанда жесір атанған кейіпкеріміздің енесі 93 жасқа жеткенше қолында болған. Ақырғы дәмін де өзі ұсынып, арулап жерлеген. Міне, нағыз ене мен келін сыйластығы осындай болса керек!


Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

© 2018 Karasayinfo.kz | Новости Карасайкого района