ҚҰСБЕГІЛІК ӨНЕРДІ ӨРГЕ БАСТЫРУДА

0
386

Қарасайлық азамат құсбегілік өнерді дамытуға атсалысып жүр, деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымның тілшісі.

Ұлтымыздың ерекшелігін айқындайтын, қазақтың қанына біткен көне дәстүрдің бірі – құсбегілік екенін көбісі біле бермейді. Саятшылықты серік еткен көшпенді ата-бабаларымыз осы өнердің мәдениет жолында маңызы жоғары екенін тарихқа таңба басқандай аманат етіп кеткен. Алайда бағзы заманнан келе жатқан дәстүрлі өнердің қыр-сыры көптің көңіліне қона кетуі екі талай. Себебі қырағы қыран құстардың бабын тауып, байланыс орната білу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Дегенмен де игі дәстүрді жанына жақын тартып, құсбегілік өнерді кәсіптік жолмен қатар дәріптеп жүрген қыз-жігіттеріміздің қатары аз емес. Олардың арасында Қарасай ауданына қарасты Кемертоған ауылының тұрғыны Руслан Абылов та бар.

Өнерлі отбасын­да дүниеге келсе де Русланның мәдениет жолында таңдаған орны мүлдем бөлек. Жастай­ынан құсбегі атануға құмар болған кейіпкеріміз бала ар­манына қол жеткізу үшін осы дәстүрлі өнер жолында тын­бай еңбек етіп келеді. Алға қойған мақсаты – дала өркениетін жаңғырта отырып, құсбегілікті ұлттық бренд етіп қалыптастырып, төрткүл дүниеге таныту. Әңгіме барысында Русланға «Неліктен осы өнерге қызығушылық таныттыңыз?» дегенде, академик Әлкей Марғұланның «Құсбегілік – бұл ұлы мәдениетіміздің зерттел­мей тұрған тарауларының бірі» деп айтқанын тілге тиек етіп, қыр-сыры көп өнердің маңызы жоғары екенін жеткізді.

Қазақтың бекзада өнерін жаны­на серік еткен Русланның қыран құстарды баптау жолында атқарған істері жетіп артылады. Көбінесе түрлі халықаралық бүркітшілер көрмесінде өнерін көрсетіп, саятшылық серуен құрушы жандардың құстарын қолға немесе аңшылыққа үйрету кезінде жасаған еңбектерін атап айтуға болады. Осындай істерді атқарып жүргенімен жерлесіміздің негізгі ойы – өзінің жеке құсбегілік орталығын ашу және атакәсіпті дамыту, сондай-ақ, оған басқалар да қызыға қарайтындай көне дәстүрдің маңыздылығын таныту болып табылады. Осыларды іске асыру жолында Руслан сөз арасында «жанашырлық танытады-ау» деген қалталы азаматтардың талай табалдырығын тоздырғанын да айтып қалды. «Бәрі де бұл өнердің келешегіне күмәнмен қарайды. Көбісіне керексіз кәсіп боп көрінгендей болды», дейді құсбегілікке жаны құмар азамат. Алған бетінен қайтпайтын Руслан ақыр аяғы өзінің туған інілерінен қолдау тауып, жақындарының демеушілігімен өзінің тың идеяларын жүзеге асыру жолында жақсы бастамаға аяқ басады.

Бүгінде жерлесіміздің осыдан үш жыл бұрын іргесі қаланған «Falconry Camp» деп аталатын қыран құстарды жаттықтыруға арналған құсбегілік лагері бар. Руслан Абы­лов мұндай орталық еліміз бойынша алғаш салынғандардың бірі екенін айтып, атауын әдейі ағылшын сөзімен байланыстырғанын да түсіндіріп өтті.

– Қазіргі жаһандану заманында ұлттық бренд қалыптастыру үшін бұлайша ат қою қалыпты жағдай. Өзге елдің туристеріне құсбегілік өнерді таныту үшін осындай «қулық» әрекетке бармасақ тағы болмайды, – деп орақты ойын осылай жеткізді орталықтың жетекшісі.

Ресми түрде әлі ашылуы бол­маса да құсбегілік лагерді көрген- білгендерден естіп келіп жатқандар да бар көрінеді. Осы уақытқа дейін Біріккен Араб Әмірліктерінен және Малайзия, Сингапур, Италия елдерінен туристер келіп үлгерген. Алған ерекше әсерлерін жеткізіп, қазақтың осындай өнеріне тәнті екенін де жасырмаған. Русланның қазіргі кезде осы орталық ішіндегі баптауында үш бүркіті, екі қаршығасы және төрт сұңқары бар. Әрқайсысымен құсша тілдесіп, адамша ұрсып, арасында жас балаша еркелетіп алатынына да көзіміз жетті. Олай дейтініміз, құстарына «сұлтанша», «арғын-эсса», «қасқара», «сұңқаршын» сияқты еркелік атауларымен тілдесіп, бүркіті қанатын сабалап, тынымсыз кез­дерде «жаман қыз,тыныштал» дегенде, апыр-ай, осындайда тілдесу болады екен- ау деп таңданыспен қарағанымыз бар. Осындайда нағыз өнерге жанашырлық кейіп танытатын, жан-тәнімен берілетін адамдардың бар екеніне іштей ішің жы­лып, көзің жетеді.

Құсбегі Русланның жоғарыда айтқандай жарыстарда жеткен жетістіктері баршылық. Көбісінде алдыңғы орындардан көрініп келген. Мәселен, Таяуда Жамбыл ауданының орталығы Ұзынағашта ұйымдастырылған халықаралық деңгейде өткен қыран құстар бәсекесінде талай өзге мемлекеттердің құстарынан дараланып, 1-орынға ие болған.

– Мұндай жарыстарда қанаттыларым өз бабында болса, әлі-ақ талай жүлдені қанжығама байлаймын, – дейді Рус­лан әңгіме арасында ой бөлісіп. Оның ендігі жоспары – осы жалға алған 28 га жердегі құсбегілік лагердің ауқымын кеңейтіп, қыран құстарды жаттықтыруды жақсылап насихаттау. Сонымен қатар, дәстүрлі өнерге жаны құмар жандарды құсбегілікке үйрету арқылы атакәсіпті жаңғырту.

– Менің ойым – бұл өнердің қасиетін күллі жұртшылыққа жеткізу. Құсбегілік арқылы мәдениетіміздің осылайша озық жақтарын көрсетуге болады. Тіпті, «Дипломмен – ауылға» дегендей, мем­лекет тарапынан «Дипломмен – далаға» деген бағдарлама жастарға жол тартса, екі қолымды көтеріп қоштайтын едім, – дейді Руслан қалжың сөзбен әңгімесін өрбітіп.

Тілсіз тіршілік иесімен тілдесіп, қазақтың тектілігін дархан даласымен танытып жүрген Русландай азаматтардың қатары көбейсе құсбегілік өнердің тасы өрге домалап, мәдениетіміздің тағы бір қыры жаңғыра түседі деп сенеміз! Ал, бала арманымен құсбегілік өнер жолында өркенді іс тындырып, жаңаша жаңалыққа ұмтылатын қарасайлық Рус­лан Абыловтың бастамасының сәтті бо­луына және елдің атын байрақты бәсекеде беделді етіп көрсете беруіне тілекшіміз!

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь