Президент «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру жөнінде кеңес өткізді

0
142

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды  Karasayinfo.kz желілік басылымы  Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан Президенті кеңеске дейін «Smart Data Ukimet» жобасы аясында Білім және ғылым, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Қаржы министрліктері мен «Ұлттық ақпараттық технология» акционерлік қоғамы атқарған жұмыстарының нәтижесімен танысты. Сонымен қатар Мемлекет басшысына «Smart Bridge» және Интернет ресурстардың бірыңғай платформасы жайында мәлімет берілді. Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру дегеніміз бір ғана саланы немесе бір бағытты дамыту емес екеніне тоқталып, оның ең алдымен, экономиканың, өнеркәсіптің және қоғамның дамуына түбегейлі өзгерістер әкелуі қажеттігін баса айтты. Сондықтан барлық мемлекеттік органдар мен ведомствоға қарасты мекемелерге ортақ мониторинг жүйесін құрудың маңыздылығын ескертті.

Президент ақпараттық технология дамыған заманда мемлекеттік цифрлық қызметтер кез-келген қарапайым адамға түсінікті және қолжетімді болуы тиіс екенін жеткізді. Сонымен қатар қандай да бір қызмет түрлерін іске қосар алдында әртүрлі санаттағы азаматтардан құралған топтар жасақталып, оған халықты белсенді қатыстырып, кеңесу керек екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке  «Индустрия 4.0» аясында аталған жобаны кеңейту үшін реттеудің және ынталандырудың кешенді шараларын әзірлеуді тапсырды.

– Мемлекеттік басқару жүйесінде цифрлық технологияны қолдану – бүкіл бағдарламаның табысты болуының басты кілті. Бұл істе түбегейлі өзгерістер қажет. Барлық құжат айналымын толықтай электронды форматқа көшіру керек. Қазіргі кезде талап ететіндей, құжаттарды қағаз жүзінде де, электронды түрде де дайындап, тапсыру дұрыс емес. Құжаттардың қағаз нұсқаларына біртіндеп тыйым салынуы керек, – деді Мемлекет басшысы.

Кеңесте Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев баяндама жасады.

Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру мемлекет үшін маңызды іс, ел экономикасының дамуы аталған салаға тікелей байланысты екенін баса айтты.

 

 

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь