Облыс әкімдігінде жаңа кадрлық өзгерістер

0
718

Бүгін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов облыс активіне өзінің жаңа орынбасары мен аппарат жетекшісін таныстырды, деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымы Алматы облысы әкімдігінің баспасөз бөліміне сілтеме жасап.

Бұған дейін облыс әкімі аппаратының жетекшісі болған Батыржан Байжұманов енді әкімнің идеология саласына жауапты орынбасары болып тағайындалды. Батыржан Құлаймергенұлы 1976 жылы туған, білімі жоғары. Еңбек жолын 1999 жылы бастаған Б.Байжұманов соңғы жылдары ҚР Премьер-Министрі және ҚР Президенті Кеңселерінде бас сарапшы, Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік инспекторы, Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрлігінің «КазАгроИнновация», «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» акционерлік қоғамдары төрағасының орынбасары болып жұмыс істеген. Ал, 2017 жылдан осы уақытқа дейін облыс әкімі аппаратының басшысы қызметін атқарған. Актив жиыны барысында облыс басшысы Амандық Ғаббасұлы бұған дейін бұл қызметті атқарған Ақан Әбдуәлиев өзіне артылған міндетті толықтай орындағанын алға тарта келе, орынбасар лауазымына облысты білетін, менімен бірге жұмыс істеген кадрды тағайындап отырғанын айтты. Сондай-ақ, жұмысының жемісті болуын да тіледі.

Келесі кезекте Алматы облысы әкімінің аппараты жетекшісі лауазымына Панфилов ауданы әкімі болып жұмыс істеген Темірлан Бектасов тағайындалды. Өмірбаяны жайлы айтар болсақ, Темірлан Амангелдіұлы 1969 жылы туған, білімі жоғары. Еңбек жолын Қарасай ауданында 1999 жылы бастаған жаңа аппарат басшысы 2017 жылға дейін Қарасай аудандық сәулеттендіру және жүйелеу басқармасының технигі, инженері, бөлім меңгерушісі, «Сәулет» мемлекеттік-қазыналық кәсіпорыны директорының орынбасары, Жамбыл, Қарасай аудандық сәулет және қалақұрылысы бөлімдерінің бастығы қызметін атқарған. Сол жылдар аралығында Алматы облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бастығы, Кербұлақ ауданы Талдыбұлақ ауылдық округінің әкімі, облыстық құрылыс басқармасы бастығының орынбасары, басшысы лауазымдарында атқарған. Жоғарыда атап өткеніміздей 2017 жылдан осы уақытқа дейін Панфилов ауданы әкімі болып қызмет істеген.

Бұдан бөлек, жиын соңында облыс әкімі ертең Талғар, Панфилов және Райымбек аудандарына барып, өңір активтеріне жаңа басшыларды таныстыратынын жеткізді.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь