Территория Карасайского района — 2,2 тыс.км | Численность населения на 1 апреля 2018 года – 264.1 тыс. человек | из них: городское – 65,6 тыс.человек | сельское — 200,4 тыс.человек | Темп роста составляет 102 % | Среднемесячная зарплата – 136686 тг. | Величина прожиточного минимума – 28189 тг.
Karasayinfo.kz | Новости Карасайкого района.Оқушылардың "Мақал-айтысы" - Karasayinfo.kz | Новости Карасайкого района
Пятница, 22 июня 2018   Подписка на обновления  RSS  Письмо редактору
Популярно
Оқушылардың «Мақал-айтысы»
18:44, 13 марта 2018

Оқушылардың «Мақал-айтысы»


Қазақ – дана халық. Бұл қасиеті, әсіресе, нақыл сөздерінен, мақал-мәтелінен анық аңғарылады. Кезінде ойға терең, тілге шешен бабаларымыз аса үлкен мәнді мәселелердің өзін бір-ақ ауыз сөзбен шешіп отырған ғой. Сондай сәтте мағыналы  мақал-мәтелді орнымен пайдаланған. Ақ батасын мақалдап беріп, ақ тілегін мәтелдеп айтқаны да белгілі.

Осынау ұлттық құндылығымызды үнемі ұлықтап қана қоймай, жастардың жанына жақын етіп, ой-санасына  сіңірудің де үлкен маңызы бар десек, жаңалық ашпағанымыз.

***

Жуырда аудандық мәдениет үйінде оқушылар арасында, «Мақал – айтыс» ұйымдастырылды. Алдымен Қарасай ауданының әкімі Махаббат Бигелдиев сөйлеп, жас ойыншыларға сәттілік тіледі.

  • Айналайын, балалар, – деді аудан басшысы атап айтқанда, – егемен

еліміздің ертеңі өздеріңсіңдер. Әрбіріңнің де жүректерің қазақ деп соғып, ана тілдеріңді жақсы білуге тиіссіңдер, жақсы сөйлей де білулерің керек. «Мақал – сөздің мәйегі» дейді халқымыз. Ендеше, оларды да ұғынып, ойға түйіп жүрсеңдер, сөздеріңді сонымен әрдайым әрлеп отырсаңдар өте жақсы болады, шешендікке де кең жол ашылады.

Аталған байқауға білім ұяларында алдын ала іріктеуден өткен 27 ұл-қыз қатысып, өзара сынға түсті. Бұл ерекше бәсекені, аудан әкімдігінің қолдауымен, ұйымдастырған аудандық тарихи-өлкетану музейі еді.

«Мақал – айтысты» аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры, белгілі ақын Серік Қалиев жүргізді.

Көп ұзамай оқушылар алты-алтыдан топталып, пульт алдында тұрып таңдап алған тақырыптары бойынша өз өнерлерін көрсетті. Байқау тақырып айтыс, жоғалған сөз, сөзден мақал құрау, қайым айтыс, балама мағына, мақалдың мағынасына мән беру деп  аталатын алты бөлімнен тұрды. Сонымен балалар барын салып, қызу бәсекеге – сөз тартысына түсті. «Туған жер, ел, Отан», «Дос, жолдас», «Ағайын, туыс», «Ас, дәм» деген сияқты таңдаған тақырыбы  бойынша өзара «айтысты».

Қорытындысында ең көп ұпай жинаған Үшқоңыр мектеп-гимназиясының 9 сынып оқушысы Әбдірахман Серікұлы бірінші орынға  шығып, жеңімпаз атанды. Екінші орынды Қайнар орта мектебінен Райпа Қатынас иеленді. Ал, үшінші орынды Тамабаев орта мектебінен Жұлдызай Нартай мен Исаев орта мектебінен Эльвира Жұмабек  екеуі бөлісті.

«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дегендей, озып шыққан жас мақалшыларға ақшалай сыйлық  сертификатын қазылар алқасының төрағасы, белгілі жазушы-журналист, қоғамтанушы Бейбіт Сапаралыұлы мен аудандық мәдениет және тілдерді  дамыту бөлімінің басшысы Ермек Жұматаев тапсырды. Сонымен қатар, төраға алты оқушыға ынталандыру  сыйлығы ретінде өзінің «Елбасының  балалық шағы» атты кітабын ұсынды.

  • Қадірменді ұстаздар, оқушылар, мен қазір ерекше қуанып тұрмын, –

деді Б. Сапаралы. – Оқушылардың таудай талабына, білсем, үйренсем деген ұмтылысына. Бұл бір қасиет қонған аудан ғой. Осындай жердегі мынадай тамаша байқаудың өзінде де бір заңдылық бар сияқты. Әрі бұл да «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен өте үндеседі. Даналық сөзді ойына сіңірген осы балалардың барлығын да  жеңімпаз дегім келеді!

Сол сияқты қатысушылардың бәрі де Алғыс хатқа ие болды. «Мақал – айтыстың» ара-арасында көрерменнің де «көңілі табылды», яғни, олар жабыла жүргізуші жасырған жұмбақтарды шешіп, «білгіштері» бірден  сыйлыққа мақал-мәтел жинақталған кітап алды.

«Білімділіктің басты белгісі – өз тіліңді жақсы білу» деген екен бір ғұлама. Сол айтқандай, біздің  келешегіміз – бал құрағымыз, балаларымыз да білімді, білікті, парасатты, ақылды болып, әрі елін, жерін, ұлтын сүйіп өсуі тиіс. Ал, оған осындай байқаулар, іс-шаралар көп көмектесетіні айқын.

Жалпы, ауданымыз ғана емес, облыста, республикада алғаш өткен айрықша  «Мақал айтыс» байқауы өз мақсатына толық жетті деуге болады. Байқағанымыз, балаларымызға дұрыс бағыт-бағдар беріп, үзбей үйретсек, талпынысын қуаттап, талабын ұштасақ, көп нәрсеге қол жеткізе алады екен. Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, рухани азықты ойына да, бойына да жақсы сіңіре біледі екен. Ұлы Дала  елінің ұландары солай болуы тиіс!

… Мақалшы балалар байқауға тыңғылықты әзірленіп, тиянақты даярланыпты. Әйтеуір, бәйгеге түсер тұлпардай тыпыршып, бірінен-бірі озғысы келіп, осындайда, тіпті, пультті басуды ұмытып «мен айтам, мен айтам!» деген ұлымыз бен қызымызды көргенде қатты қуандық!

***

Қашанда мәдениет пен өнерге, әдебиетке жақын аудан әкімі Махаббат Садуақасұлы осы жолы да шынайы қамқорлық, шын жанашарлық танытып, «Мақал – айтысқа»  жүлде қоры жөнінен де, техникалық қамтамасыз жағынан да үлкен қолдау жасап, өте жақсы көмек көрсетті.

Мұны байқау артынан сөйлеген С. Қалиев те аса бір ыстық ықыласпен атап айтты. Сонымен қатар, ол  мектеп оқушыларын осындай тамаша сайысқа дайындаған аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлнар Такимоваға да шын  көңілден шыққан ризашылығын білдірді.


Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

© 2018 Karasayinfo.kz | Новости Карасайкого района