Нәзік жандарға жеке кәсіп ашуға мүмкіндік  

0
202

Бүгін аудандық орталық кітапханада аудандық Жұмыспен қамту орталығының ұйымдастыруымен  қарасайлық жұмыссыз, атаулы әлеуметтік көмек алатын және  өзін-өзі жұмыспен қамтыған әйелдерге   арналған «Coca-Cola белестері» атты блиц-тренингі өтті.

«Coca-Cola белестері» жобасының ерекшелігі: ауылдағы нәзікжандар бизнес сабақтары үшін қала мен аудан орталығына сабылмайды. Мамандар елді мекендерге барып, өздері оқытады.Мәселен, бүгіннен бастап «Жетісу» білім беру орталығының өкілдері  қарасайлық әйелдерді  аталған жоба аясында өз ісін ашу үшін республикалық грант алу мүмкіндігімен таныстырады. Қазіргі еліміздегі ахуалды ескере барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, түске дейін және түстен кейін сабақтар өткізілуде. Осылайша алдағы уақытта ауданның 160 қыз-келіншектеріне дәріс сабақтары оқытылатын болады.

Аталған  әлеуметтік бағдарлама республика көлемінде «G-global» және жасыл экономиканы дамыту коалициясы заңды тұлғалар бірлестігі, «Әлеуметтік динамика» қоғамдық қоры «Coca-Cola» компаниясы  мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қолдауымен  жүзеге асуда. Елді мекенде кәсіп бастауға ниеттенген нәзікжандардың үздік бизнес идеясын осы  байқаудың аясында қолдау көзделіп отыр. Осылайша ауылдағы әйелдердің «бизнес-вумен» атануына аталған байқау сеп болмақ.  Сонымен қатар, жоба аясында өңірлік тренингтер, республикалық конкурстар өткізіліп, оған қатысып, жеңімпаз атанған ауыл әйелдеріне үздік бизнес-идеялары үшін 4 мың АҚШ доллары көлемінде грант беріледі екен.

Бұл тренингтерге қатысқан әйел адамдар нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы туралы мағлұмат алып, бағдарлама аясында қолдауға ие бола алады. Ал,  грант алуға қатысу үшін даярлау курсынан   farmerschool.kz  сайты арқылы онлайн қатысып, сертификат алуға болады. Сонымен қатар, онда фермерлік онлайн-мектепте оқығысы келетін азаматтар саңырауқұлақ өсіру, жылыжайларда көкөніс өсіру (қызанақ, бұрыш, қияр), үй құстарын өсіру (қаз, үйрек, бройлер) сынды түрлі бағыт бойынша тегін онлайн курстарға да қатыса алады.

Ауылдық елді мекенде аянбай енбек етсек, ізденсек жарқын болашағымыздың қамалын кұруға да мүмкіншілік бар. Көздеген мақсатымызға қол жеткізу үшін үлкен қалаға арманның жетегінде кету міндетті емес.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь