Мәртебесі биік Мәуліт мерекесі құтты болсын!

0
128

Қарасайлықтар да мұсылмандар үшін орны бөлек Мәуліт мерекесін атап өтті, деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымның тілшісі.

Қазақстан Мұсылмандар Діни басқармасының (ҚМДБ) бастамасымен еліміз бойынша Мәуліт айы өз деңгейінде аталып, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың өнегеге толы өмір жолдары барынша дәріптеліп келеді. Жыл сайын өткізілетін Мәуліт мерекесі өткен аптаның сенбісінде біздің ауданымызда да ұйымдастырылып, пайғамбарға салауат айтылды.

Аудандық Мәдениет үйінде жүзеге асқан іс-шараға құрметті қонақтар шақырылып, сахна төрінде пайғамбар Мұхаммедке (с.ғ.с.) арнаулар оқылып, уағыздар айтылды. Шараға келген көрермендер қауымы алдымен Алла елшісіне деген салауатты тыңдап, Құран сөздеріне құлақ түрді. Кейін Қарасай ауданының бас имамы Ринат Ташенов ұлық мерекемен баршасын құттықтап, ұлы ұстаз Мұхаммед (с.ғ.с.) жайлы азды-кем ой-толғанысын жеткізді. Сондай-ақ, ҚМДБ дін ғалымы, ұстаз Ерлан Ақатаев пайғамбардың іс-әрекеті мен өмір жолынан сыр шертіп, имандылық қағидаттарын кеңінен әңгімеледі.

Мерекелік кеш барысында пайғамбардың замандас достары болып саналатын сахабалардың бірі – азаншы Біләлдің (р.а.) рөлі сомдалып, кино және театр актері Болат Мамытбектің шеберлігімен «Ақырғы азан» монологі орындалды. Әсерлі көрініс көптің көңіліне ой салып, рухани таным-түсінікті арттыра түскендей болды. Осындай түрлі сахналық қойылымдардан бөлек, шара барысында рухты әндер мен тағылымды термелер де шырқалды. Кештің ең әсерлісі сұрақ-жауапқа ұласқан көрермендер арасындағы ойын болды. Алдымен ислам дінінің айналасындағы жеңіл сауалдар қойылса, соңында барлық қонақтардың қатысуымен көпшілікке ерекше сыйлық ұйымдастырылды. Нақты айтқанда, кездейсоқ сандардың айтылуы арқылы залдағы бір көрерменнің отырған қатары мен орны анықталып, оған кіші Умра қажылығын өтеу үшін жолдама берілді. Ал, мұндай керемет сыйға шамалғандық 8 сынып оқушысы Құралай Жақсылыққызы ие болып, 10 күнге қасиетті Мекке, Мәдина қалалаларына баратын болды. Қуаныштан көз жасын тия алмаған Құралайды Алматы облысының өкіл имамы Қ.Наржанов арнайы құттықтап, «Умра – 2019» деп жазылған сертификатты табыс етті.

Осылайша, адамзаттың ардақтысы, Алланың сүйікті елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар дүниеге келген ай – Мәуліт мерекесі ойдағыдай аталып өтілді. Мұсылман қауымы үшін маңызды болып саналатын ұлық мейрам дәл осылай жылдан-жылға дәстүрінен жаңылмай дәріптеле берсін дегіміз келеді.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь