Мұнара мәселесі

0
2078

Ауыл тұрғындарын толғандырған мәселе өз шешімін жақын арада табады, деп хабарлайды karasayinfo.kz желілік басылымның тілшісі.

 Жақында біздің редакциямызға Ұмтыл ауылдық округіне қарасты Жалпақсай ауылының біршама тұрғындары бір мәселе бойынша хат жазып, көмек сұраған еді. Өтініш иелерінің арыз-шағымдарын ескере келе, редакция мүшелері көтерілген мәселе бойынша зерттеу жүргізіп, оның шешімін табуға тырысты.

Айтқандай-ақ, бір топ ауылдастарды алаңдатқан мәселе мынау болатын: Жалпақсай ауылындағы Сәтбаев пен Тегіс көшелерінің қиылысында сужинақтау мұнарасының апатты жағдайда тұруы (сурет 1). Тұрғындардың айтуынша, аталған мұнара 1966 жылы тұрғызылған, алайда, соңғы 8-10 жылдан бері жұмысын тоқтатқан көрінеді. Өйткені, қазіргі уақытта судың таралу жүйесі құбырлар арқылы жұмыс жасайды екен. Ал, тозығы жеткен сужинақтау мұнарасаның істен шығуы, әрі тот басып, шіруі сол маңайдағы көршілерге қауіпті жағдайда тұрыпты-мыс. Қауіпті деу себебі, ауа райының құбылу салдарынан жел соғып, дауыл тұрғанда мұнара орнынан ары-бері қозғалады. Сондай-ақ, маңына жақындағанда жағымсыз иістің шығуы да тұрғындарға кері әсерін тигізуде екен. Көршілер қауымын тағы бір алаңдатын бір жағдай, ол біз айтып отырған сужинақтау мұнарасының бас жағында «Beeline» ұялы байланыс антеннасының орнатылуы, әрі сол құрылғының адам денсаулығына зияндығы. Тұрғындар тарапы бұны да назарға алып, қауіпсіз шара қолдануын талап етеді. Жалпы, жоғарыда аталған көше қиылысының айналасында тұратын ауылдықтардың мәлімдемесіне сүйенсек, аталған сужинақтау мұнарасы «Таусамалы» ЖШС-нің иелігінде екен. Ал, оның директоры Бауыржан Айнабеков осы уақытқа дейін ешқандай шара қолданбаған көрінеді.

Жалпақсай ауылының бірнеше тұрғындарының осы айтқан мәселесі бойынша біз – редакция мүшелері ретінде«Таусамалы» ЖШС-нің басшысы Бауыржан Бақтыбайұлына жолығып, сұхбат алған едік. Алайда, мекеме басшысы сужинақтау мұнарасына иелік етпейтінін жеткізіп, оған «BeyAzh Trans» ЖШС-і жауапты екені туралы ақпарат айтты. Оның анық-қанығына жету мақсатында өз кезегімізде «BeyAzh Trans» ЖШС-не хабарласуды жөн көрдік. Қуанышымызға орай, компания басшысының орынбасары Бауыржан Сереханов барлық мәселеге қатысты сұрақтарға толықтай жауап беріп, тұщымды мағлұмат бере алды десек те болады. Айтуынша, аталмыш ауылдағы Сәтбаев пен Тегіс көшелерінде орналасқан сужинақтау мұнарасы жарамсыз емес. Келешекте ол күрделі жұмыстан өтіп, пайдалы жақтарымен әлі-ақ жұмысын көрсетеді екен. Яғни, қазіргі сол жердегі құбыр арқылы өтіп жатқан су жүйесі ойда-жоқта апатқа ұшырағанда, аталмыш мұнара қосымша сумен қамтамасыз ету қызметін жасайды. Сонымен қатар, алдағы уақытта мұнараның айналасына қосымша сым темірлі арқан орнату арқылы қауіпсіздік шараларын күшейту жоспарда бар екенін айтты (сурет 2). Ал, «Beeline» ұялы байланыс антеннасына қатысты Бауыржан Сереханов өз ойын нақтылап жеткізіп берді.

– Бұл байланыс антеннасы болғандықтан, сол ауылдағы «Beeline» абоненттерін пайдаланушылар үшін пайдасы мол. Аталмыш ұялы байланыстың қызметтерін де осы антенна арқылы көріп отыр десем артық айтқаным емес. Ал, денсаулыққа зиян жағына келетін болсам, ұялы байланыс антеннасын орнатқан жауапты қызметкерлер оның қауіпсіздік шараларын да ойластырып жасаған болатын. Сондықтан қатты алаңдап, көңіл аударатын жағдай емес, – дейді компания директорының орынбасары.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь