Ұлы Жеңіске өлшеусіз үлес қосқан жауынгер бабалардың ерлігі мен Отан үшін жан кешкен батырларға тағзым етіп, құрмет көрсету қай-қайсымыздың болсын парызымыз. Сұрапыл соғыстың алауы өшіп, Жеңіс туының желбірегеніне биыл 74 жыл толып отыр. Айтулы мереке ауданымызда жоғары деңгейде аталып өтіліп, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері ардақталды. Алдымен аудан әкімі Жандарбек Далабаев аудан орталығы Қаскелең қаласының орталық алаңында Ұлы Жеңісті сыйлаған ержүрек батырлар мен тыл еңбеккерлерін құттықтап, өз атынан мәңгілік алауға даңқты гүл шоғын қойды. Мұндай дәстүрлі рәсімнен кейін ардақты ардагерлерге арнайы ақ дастархан жайылып, ізгі тілектер де айтылды.

Мерейлі мерекеге арналған салтанатты шараның жалғасы қарасайлықтардың қарасы көп жиналатын Қаскелең қаласының орталық стадионында жалғасты. Алдымен сол бір зұлмат соғыстың зардабын сипаттайтын көңілге ой саларлық көріністер қойылып, мектеп оқушыларының қатысуымен болған саптық шеруге ұласты. «Ұлы Жеңіске мың тағзым» атты осы мерекелік шара барысында аудан әкімі Жандарбек Ермекұлы барша қарасай жұртшылығын Ұлы Жеңіс күнінің 74 жылдығымен құттықтап, аудан ардагерлері жайлы ойын да бөлісе кетті.

Мерекелік бағдарлама аясында патриотты, рухты әндер шырқалып қана қоймай, бүлдіршіндердің қатысуымен түрлі әсем билер де ортаға салынды. Ал, орталық стадион айналасында арнайы ойын алаңы ұйымдастырылып, жас балалардың көңілі қуанышқа толы болды. Осындай бейбітшілік пен тыныштықты тарту еткен батыр бабалардың ерлігіне әрқашан бас иеміз. Ұлы Жеңістің 74 жылы баршаңызға құтты болсын!

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь